Әр түрлі

“Қызылжар су” серіктестігі өткен жылды қорытындылады

Өткен жылы “Қызылжар су” серіктестігі / инвестициялық бағдарлама аясында 490 млн теңге қаржы игерген. Қомақты қаражатқа / сумен қамтушы кәсіпорын / тозығы жеткен қондырғыларды жаңасына алмастырып, кәсіпорынға қажетті заманауи техника сатып алған.

Қала тұрғындарын тіршілік көзімен қамтамасыз ететін “Қызылжар су” серіктестігі өткен жылы біраз шаруа тындырған. Мамандар тозығы жеткен және апаттық жағдайда болған су құбырлары мен кәріз желілерін күрделі жөндеуден өткізген. Олардың жалпы ұзындығы 12,4 шақырымды құрайды.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:

– Өткен жылы жөндеу қорынан су құбырларын қалыпқа келтіру үшін 200 млн теңге бөлінді. Ал кәріз желілеріне 106 млн теңге бағытталды. Қаражат толық көлемде игерілді. Атқарылған ауқымды шаруаның нәтижесінде су құбыры желілерінің тозу қарқыны – 1,6 пайызға, кәріз желілерінікі 0,8 пайызға дейін төмендеді. Биыл кәріз желілерін жөндеуге басымдық бермекшіміз.

Бұдан бөлек, “Қызылжар су” серіктестігінің мамандары өткен жылы Шухов көшесі бойында диаметрі – 500 мм, ұзындығы 1,2 шақырымды құрайтын су тартқыш желіні ауыстырған. Қазіргі таңда мұндай шаруа М.Жұмабаев пен Алматы көшелерінде жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары биыл толыққанды аяқталады.

Арман Саутов – “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:

– Өткен жылы республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға Горький көліндегі апаттық жағдайда тұрған кәріздік бөгет жөндеу көрді. Оның жалпы ұзындығы 2,1 шақырымды құрайды.

Былтыр “Қызылжар су” серіктестігінің техникалық паркі де жаңарды. Өткен жылдың басында кәсіпорын су жаңа 3 қауқарлы машина сатып алыпты. Жоғары деңгейде жабдықталған ресейлік көліктердің мүмкіндігі зор. “Олар сумен қамту жүйесінде қауіптің алдын алу мен апаттың салдарын жою жұмыстарын жеңілдетуге септеседі дейді”,- мамандар. Әр техниканың құны 56 млн теңгені құрайды.

Дана Ешкенова