ТКШ

Биыл қала көшелеріне 1300-ден аса ағаш отырғызылмақ

Петропавлда көктемгі көгалдандыру жұмыстары бастау алды. Бүгінде мамандар орталық және шеткі көшелерге алма, жөке, шырша және қайың ағаштарын отырғызуда. Жас көшеттер Қызылжар ауданындағы Кондратовский тәлімбағынан жеткізіліпті.

 Алтынай Қазиқан – тілші:

– Күн жылынып, жердің тоңы жіби түсті. Осыған байланысты қаламызда көгалдандыру жұмыстары бастау алды. Бүгінде мұндай шаруа Гашек көшесінде жүріп жатыр. Бұл жерлерге алма мен жөке ағаштары отырғызылуда.

«Артыңнан мал қалмаса да тал қалсын»,- деп ата-бабамыз бекер айтпаған. Жасыл желек тыныстап жүрген ауамызды жақсартып, айналамызға көрік береді. Көктің арқасында шаһарымыздың келбеті одан әрі ажарлана түсері сөзсіз. Осы ретте қала тұрғындарының көгалдандыру шарасына деген көзқарастарын сұрап көрдік.

– Өте қуаныштымыз. Бұл – біздің экологиямыз үшін өте маңызды деп ойлаймын. Жалпы, біздің қаламыз жылдан-жылға жақсарып келеді. Жасыл желектің денсаулыққа пайдасы мол.

– Қаламызда жасыл желек отырғызылып, көгалдандыру жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқаны көңіл қуантады. Өз басым бұл бастаманы қолдаймын.

Айта кетейік, сәуірдің 20-сы күні қала бойынша көктемгі ағаш отырғызу науқаны басталды. Қазіргі күні жұмыстар Абай, Ғабит Мүсірепов пен Батыр Баян көшелерінде қызу атқарылып жатыр. Жас көшеттер Қызылжар ауданындағы Кондратовский тәлімбағынан жеткізіліпті.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қазіргі кезде бұл жұмыстармен 5 мекеме айналысып жатыр. Биылғы жылы қала бойынша 1300-ден аса ағаш отырғызылады. Оның ішінде шырша, қайың, алма ағаштары бар. 13 шақырым аумаққа талдар отырғызалатын болады.

Петропавлда көгалдандыру жұмыстары мамыр айының соңына дейін жалғасын табады. 1300-ден аса ағаш 35 көшеге отырғызылады.

Алтынай Қазиқан