Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстың 1-ші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Бюджеттен ақша бөлінді, бірақ жұмыс әлі басталмаған. Өңірдің кей аудандарында құрылыс қарқыны жыл басынан бері бәсең. Дәлірек айтқанда, өткен 3 ай ішінде баспана мен әлеуметтік маңызы бар нысандардың қазығы да қағылмапты. Жауапты іске жауапсыз қараған аудан жетекшілері мен бейінді басқарма басшылары / жауапкершілікке тартылды. Облыстық әкімдік отырысында аймақтың қаңтар мен сәуір аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылады. Бірінші тоқсан бойынша бір емес бірнеше сала бойынша төмендеу байқалады.

 

Жұмыртқа өндірісінің төмендегені өткен жылдың бірінші тоқсанынан бері байқалды. 12 айдың қорытындысы бойынша динамика бұрынғы қалпына келуі керек еді. Қалпына келер еді, құс тұмауы болмаса. Өңірді бірнеше күнде жайлап кеткен індет салдарынан кәсіпорындар мен жеке қосалқы шаруашылықтағы млн-даған қанаттының көзі жойылды. Сөйтіп, көрсеткіш, тіпті, төмендеп кетті.

Әрсен Қазбеков – СҚО экономика басқармасының басшысы:

 

– Облыс бойынша құстардың саны 26 пайызға төмендеді. Қызылжар ауданындағы көрсеткіш одан да төмен. Мұнда қанаттылардың саны 47 пайызға азайды.

Құс тұмауынан зардап шеккен фабрикаларға мемлекет тарапынан өтемақы төленді. Қаражатқа кәсіпорындар біртіндеп балапан сатып алып, жұмыртқа шығаруды бастауда.

Марат Тасмағанбетов – СҚО әкімінің брінші орынбасары:

– Бескөл құс фабрикасы бүгінде 25 мың жас қанатты әкелді. Шілде айында олардың қатары тағы 100 мың тауықпен толығады. Бүгінде кәсіпорында сатылымға арналған 30 мың үйрек бар. Одан бөлек, серіктестік өзінің жұмыс бағытын сәл өзгертті. Өндіріс ошағы Германиядан 11 мың асыл тұқымды тауық жеткізді. Оны болжам бойынша мамыр айында жергілікті зауыттар мен тұрғындарға саудалайтын болады. Нысандардың бірін толық жаңғыртудан да өткізді. Қысқасы шаруаға мықтап кірісті.

Жұмыртқа өндірісінің төмендегені түсінікті. Бірақ, Тимирязев ауданындағы ет пен сүттің шығарылуы неге азайған? Қазір өңір аграрийлері шетелден ірі қара әкеліп, шаруашылықтарын кеңейтуде. Кәсіпкерлер сүт-тауарлы ферма салу бойынша да жарысуда. Ал Тимирязев ауданы болса, көштің соңында қалу түгілі, тізімге мүлдем ілікпей қалған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Елді мекендерде ауыл шаруашылығынан басқа немен айналысуға болады? Аграрийлерге жан-жақтан көмектесудеміз. Қандай бағытты қолға алсаң да мемлекеттен субсидия бөлінеді. Соңғы 3 жыл ішінде бұл бағытқа 200 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалды. Қайтарымын қашан көреміз?

Биыл ауыл шаруашылығын әрмен қарай өркендетуге 15 млрд теңге бөлінбек. Бірақ, қаражатты игеруге аудандардың барлығы бірдей ат салысып жатқан жоқ. Қазір агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша жол картасы әзірленуде. Алайда, ұсынылған жобалардың саны аз, бұл – бір, екіншіден, жіті ойластырылмаған.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ұсынылған жобаларға көз жүгіртейік. Облыс орталығына географиялық тұрғыда жақын орналасқан бірнеше аудан бар. Олардың логистикаға жұмсалатын шығыны басқалармен салыстырғанда аз. Бірақ, Мамлют ауданы бар-жоғы – 4 жоба, Аққайың, Қызылжар мен Есіл 5 жобадан ұсынып отыр.

Ал шалғай орналасқан Уәлиханов ауданында 9 бірдей жобаны іске асыруға дайын. Әйтеуір, инвестиция тарту бағытында аймақ бойынша да, әр ауданды жекелей алғанда да көрсеткіш мақтанарлықтай деңгейде. Қазір аққайындар өлкесі республика бойынша 2-ші орында тұр. 3 айдың қорытындысы бойынша кеуде қағарлық нәтиже құрылыс саласында да байқалады. Бірақ, Ақжар, Тимирязев пен Мамлют аудандарындағы қарқын бәсеңдеген. Мұнда облыстық бюджеттен қаржыландырылған жобалардан өзгесінің барлығында шаруа тоқтап тұр. Жекелеген аудандардағы құрылыс секторындағы сын мұнымен бітпеді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тайынша қаласындағы 600 орынға арналған мектептің құрылысы әлі басталған жоқ. Тіпті, жобаның сараптама нәтижесі де дайын емес. Ал қаражат жылдың басында-ақ бөлінген. Сіздер конкурс өткізіп, нәтижесін алғанша жарты жыл өтеді. Сонда білім ошағын қашан тұрғызбақшысыздар?

Мұндай көрініс бір емес, бірнеше жобаға қатысты орын алып отыр. Уәлиханов, Тимирязев пен Жамбыл ауданына жабық мұз айдындарын салуға қаражат бөлінген. Бірақ, құрылыс әлі басталмапты. Жамбылдықтар мердігерді анықтайтын конкурс та өткізбеген. Неге десеңіз, нысанды тұрғызуға ешкім құлық танытып отырған жоқ. Бұл – аудан әкімі Марат Ескендіровтың жауабы. Құрылысқа берілетін мерзім қысқа келетін Солтүстік Қазақстанда әр күн – алтын. Ал ол мүмкіндіктен айырылуға болмайды. Мұны түсінбеген кейбір аудан әкімдері мен басқарма басшыларын енді әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Жаза жермен жөнді жұмыс жасай алмайтындарға да қарастырылған. Бірнеше аптадан кейін егін науқаны басталады. Сондықтан, құнарлы алқаптарды бидай емес, арамшөпке толтыратындарға тағы да ескерту жасалды.

Эльмира Сәдуақасова