Ауыл шаруашылығы

Құс тұмауынан зардап шеккен кәсіпорындардың жұмысы жандануда

Алтын жұмыртқаның бағасы төмендеуі мүмкін. 4 айлық тоқыраудан кейін 3 фабриканың бойына қайта қан жүгірді. Өңірдегі құс тұмауынан зардап шеккен кәсіпорындардың жұмысы жандануда. Жыл басынан бері өндірісті іске қосу үшін 1 млн-нан аса балапан әкелінді. Ал, 2021-дің соңына дейін кәсіпорындар толық қуаттылыққа көшпек.

Жылына 100 млн тонна жұмыртқа. Бұл – өңірдегі 5 құс фабрикасының қуаттылығы. Шығарылған өніммен солтүстікқазақстандықтарды ғана қамтып қоймай, Ресей, Тәжікстан мен Ауғанстанға да экспортқа жөнелтеміз. Бұл қарқын дәл қазіргі уақытқа қатысты емес. Мұндай жағдай өткен жылдың күзіне шейін, яғни құс тұмауына дейін болды. Көрші елден келген індет 3 бірдей кәсіпорындағы қанаттыларды шарпыды. Тауықтарынан айырылған зауыттарға мемлекет тарапынан 900 млн теңге көлемінде өтемақы берілді. Қаражат өндірісті қайта жандандыруға жұмсалуда.

Талғат Наурызбаев – СҚО ауыл шаруашылығы және жер инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:


–  3 фабрика құстың басын толықтырып жатыр. 1 млн 100 мың бас Ресейден әкелдік. Жыл соңына дейін тағы 870 мың бас әкелеміз. Бүгінгі таңда “Әділ-Құс” серіктестігі сәуірдің аяғында-мамырдың басында жұмыртқасын шығаратын болады. Бескөл құс фабрикасы
мамырдың соңында-маусымның басында жұмыртқа шығарады деп ойлаймыз.

“Болашаққа үлкен сеніммен қараймыз!” “Алекри” фирмасының директоры құс фабрикасындағы қазіргі жағдайды дәл осылайша сипаттап отыр. Қазір мұнда – карантин. Өткен жылғы тұмаудан кейін кәсіпорында санитарлық нормалар қатаң сақталады. Яғни, түсірілім тобына қанаттылар тұратын жерге кіруге болмайды. Александр Прядко былтыр бақандай 2,5 млрд теңге табысынан бір мезетте айырылған. Сәйкесінше, жұмысшыларын да ақшасы төленбейтін демалысқа жіберген. Ол кезең енді артта. 2021-дің ақпанынан өндіріс ошағы қайта жанданды. Бүгінде дейін фирма 4 млн дана жұмыртқа шығарған.

Александр Прядко – «Фирма Алекри» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Бұрын технологияға сәйкес біз құстарды 2-2,5 жыл аралығында жаңартып тұратынбыз. Былтырғы жағдайға байланысты екі өндіріс нысанын балапандарға арналған ғимаратқа айналдыруға тура келді. Себебі, барынша көп көлемде тауық әкелуге тырыстық. Эпидемияға дейін болған қуаттылыққа қыркүйек айына қарай шығамыз деген үміттеміз. Құс фабрикасын дамытуға арналған аздаған қаржымыз болып еді, оның барлығын осыған жұмсадық.

Қорда болған ақшаның жетпегені түсінікті. Балапандардың алғашқы партиясы мен құстарға арналған вакцинаны алуға «Алекри» фирмасына ресейлік және қазақстандық әріптестері көмектесіпті. Бұл компанияларға зауыт 180 млн теңге қарыз.

Александр Прядко – «Фирма Алекри» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Біздің тауықтар құс тұмауының кесірінен қырылып қалды. Бізге індет бірінші болып жетті. Мұндай жағдайға дайын емес едік. Не істерімізді де білмей қалдық. Осылайша, қомақты көлемде шығынға баттық. Қанаттылардың қалай өлгенін дәлелдей алмадық. Құжаттар ережеге сәйкес рәсімделмегендіктен, бізге көмек көрсетілмеді.

Құс тұмауының құрсауына түскен 3 фабриканың жұмысы 4 айға тоқтады. Зауыттар тоқырап қалғандықтан, барша СҚО-ының тұрғындарын 2 кәсіпорын қамтып отырды. Мұны жерлестеріміздің “қалтасы” да сезінді. Алдағы уақытта алтын жұмыртқаның бағасы төмендейді деген үміт бар. Әрі жаз мезгілінде жеке шаруа қожалықтары да жұмыртқаны сатылымға белсенді шығара бастайды. Мәселен, қазір үй жұмыртқасының ондығын 320 теңгеге алуға болады екен. Ал күз бен қыста тауардың құны қандай болады деген сұрақ әлі ашық күйінде қалмақ.

Эльмира Садвокасова