Мәдениет

Кәсіпкер еңбек ардагері Жақсылық Ысқақовқа көлік мінгізді

Биыл облыстың құрметті азаматы Жақсылық Ысқақов 89 жасқа толды. Жақсылық Ғабдоллаұлы өңірдің ауыл шаруашылығына, жалпы дамуына елеулі үлес қосты. Өзінің қызметтік жолын / кезінде / Аққайың ауданындағы Дайындық ауылында агроном болып бастаған екен. Осы елдің кәсіпкері, меценат Біржан Шәймерденов / еңбек ардагерін ауылда қонақ етіп, құрмет көрсетті әрі су жаңа көлік мінгізді.

Жақсылық Ысқақов – өңірдің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтардың бірі. Ақсақал ауыл шаруашылығы саласында аянбай тер төкті. Ол 3 бірдей шаруашылықта агроном болып жұмыс істепті. Солардың ең алғашқысы Аққайың ауданына қарасты Дайындық ауылында орналасыпты. Яғни, облысымыздың құрметті азаматы еңбек жолын сонау 53 жылы аталған елді мекенде бастаған. Биыл Жақсылық Ғабдоллаұлы 89 жасқа толып отыр. Осыған орай Дайындықта салтанатты шара өтуде. Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев туған күн иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ал «Дайындық» серіктестігінің директоры Біржан Шәймерденов Жақсылық Ғабдоллаұлының өңір дамуына сіңірген ерен еңбегін атап өтті. Іскер азамат ақсақалға шапан кигізіп, темір тұлпар мінгізді.

Біржан Шәймерденов – “Дайындық” ЖШС директоры:


– Ағамыздың еңбегі өте зор. Елімізге істеген, біздің ауылға келіп осындай кісінің жұмыс істеп кеткені бізге өте қуанышты. Сондықтан, ағамызға ауылдың атынан, ауылымыздың серіктестігінің атынан бір тұлпар мінгізуге рұқсат етіңіздер.

Сексеннің сеңгірінен өтіп, тоқсанның толағай биігін бағындырғалы отырған Жақсылық Ысқақов өзіне мұндай құрмет көрсетілетінін күтпегенін айтып, Біржан Шәймерденовке ризашылығын білдірді.

Жақсылық Ысқақов – СҚО құрметті азаматы, еңбек ардагері:

– Мұндай 89 жасқа келген уақытта менің шыққан жерімнен, сол жерде бастаған жерімнен, сол жерде бастық болып жүрген Біржан осындай жақсы ықыласын білдіріп, осындай сыйлық жасап, мені аспанға шығарады ғой деп ойламадым. Халықтың сыйлығына, Біржанның істеген ісіне үлкен көп рахмет. Жұғысты болсын! Менің жасымды берсін! Менің жолымды берсін! Мен сияқты үлкен қызмет істеп, үлкен кісі болып, елдің сыйлығына ие болсын деймін!.

Туған күн иесін облыстың тағы бір құрметті азаматы, еңбек ардагері Құдайберген Қалиев те құттықтап, ауылын көтеріп, үлкенге құрмет көрсетіп жүрген Біржан Шәймерденовке алғысын білдірді.

Құдайберген Қалиев – СҚО құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Үлкенді сыйлау – барлығымыздың парызымыз, барлығымыздың міндетіміз. Сондықтан, осы дәстүрді жалғастырып жатқан осы біздің Біржан інімізге көптен-көп рахметімізді айтамыз. Ал енді осындай жағдайға жетуге мына бірінші тыңнан соқа салған Жәкең көрінеді.

Айта кету қажет, бүгінде «Дайындық» ауылы күннен-күнге көрейіп келеді. Мұнда кәсіпкер Біржан Шәймерденовтың демеуімен салынған балабақша, емдеу мекемесі бар. Ауылішілік жол да жөнделді. Елді мекендегі үйлердің барлығы орталықтандырылған жылыту желісіне қосылып, баспана ішіне су тартылған.

Байболат Култанов