Экология

Былтыр өңірде су алатын 36 колонкада судың сапасы талапқа сай келмеген

Былтыр облыс аумағындағы су колонкаларынан 2 мыңға жуық сынама алынған.

Нәтижесінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары 30 колонкадағы су – бактериологиялық, 6 колонкадағы су санитарлық-химиялық көрсеткіштерке сәйкес келмейтіндігін анықтаған. Яғни, судың дәмі мен түсі өзгерген. Бірақ, құрамына қатысты кемшілік табылмады деп отыр. Паразиттер мен вирустардан ада. Ал биыл 100-ден астам су құбыры мен 400-ден аса орталықтандырылған су желісі жіті бақылауға алынып, зерттеу жүргізілуде. Нәтижесі әлі беймәлім.

Гүлнәр Жақсылықова – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Былтыр Солтүстік Қазақстан облысы бойынша суда жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Дегенмен, биыл қар көп болғандықтан еріген қар суы колонкаларға құйылып кете ме деген қауіп бар. Жергілікті тұрғындарға айтарым, әсіресе, колонкалардағы суды тексерістен өткізу қажет. Себебі, кей елді мекендердегі бағаналар жайлы мамандар білмей, зерттеу кезінде назардан тыс қалып қояды. Салдарынан аурудың бар-жоғы беймәлім күйде қалып, адамдар сырқаттанып қалуы мүмкін.

Маржан Касымбек