Құрылыс

“Жас өркен” ықшам ауданында күзде 18 қабатты үй қолданысқа беріледі

Көпқабатты тұрғын үй салу жұмыстары “Жас өркен” ықшам ауданында да қызу жүріп жатыр. Қазіргі күні мұнда “Основание” серіктестігінің мамандары қос / 18 қабатты баспана салуда. Оның бірі биыл күзде “Шаңырақ” бағдарламасы аясында тапсырылмақшы екен.

 

“Основание” серіктестігі тұрғызып жатқан тұрғын үй кешеніндегі алғашқы көпқабатты баспананың құрылысы аяқталуға жақын қалды. Оны мамандар 2019 жылдың жазында сала бастапты. Биыл күзде тапсырмақшы. Қазіргі күні нысанның маңы абаттандырылып, үйдің ішіне жылыту жүйесі мен желдету желілері орнатылуда.

Роман Тыртышный – «Основание» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары:

– Алғашқы 18 қабатты тұрғын үйдің ішінде 108 пәтер бар. Олардың жалпы көлемі 5 мың шаршы метрді құрайды. Әр қабатта – 6 баспанадан. Шамалы әрлеу жұмыстары қалды. Содан кейін нысан «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша қолданысқа беріледі.

“Жас өркен” ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жалғасуда. Мұнда «Основание» серіктестігі тағы бір 18 қабатты баспана салып жатыр. Нысанның құрылысын мамандар былтыр көктемде бастапты. Мұнда қазір монолит орнату бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Құрылысшылар нысанды уақытылы тапсыру үшін ішкі әрлеу ісін қатар атқарып жатыр екен.

Константин Егоров – әрлеу шебері:

– Мен әрлеу жұмыстарын атқарамын. Пәтерлердің ішін сылап, есік орнатамын, линолеум төсеймін. Бір сөзбен айтқанда, баспананы қалыпты күйге келтіремін. Жақсы қарқынмен жұмыс істеп жатырмыз. Бір қабаттың өңдеу жұмыстарын бітіру үшін 1 айға жуық уақыт кетеді. Оны арнайы бригадамен атқарамыз.

Айта кетейік, салынып жатқан жаңа көпқабатты баспана жоспарға сәйкес 2022 жылдың ақпан айында тапсырылуы тиіс.

Бердимурат Баймухан