ТКШҚоғам

Петропавлда 600-ден астам ескі ағаш кесуді қажет етеді

Көшенің көркін қашырады әрі адам үшін қауіпті. Дендролог мамандар / Петропавлда / 600-ден астам ағаштың / апаттық жағдайға жеткенін арнайы зерттеу жүргізіп анықтаған. Айтуларынша, осал тұрған теректер бір күні опырылып кетуі мүмкін. Оның орнына / жолдағы қозғалысты / көлегейлемейтін әрі мамықтан ада түрлерін еккен жөн дейді.

 

Қаныш Сәтпаев көшесі бойындағы ағаштардың отырғызылғанына 60 жылдан асыпты. Жасыл желектің ескіргені соншалық, бойын тік ұстауға қауқары жетпей, иіліп қалған. Кез келген сәтте жолдағы жолаушының немесе көлік үстіне құлап кетуі әбден мүмкін.

Валерий Науменко – қала тұрғыны:

– Осы мәселемен қалалық әкімдікке талай рет жүгіндім. 3 жылдан бері табалдырығын тоздырып жүрмін. Жақында Болат Жұмабековтың қабылдауында да болдым. Бірақ, әлі күнге дейін тұшымды жауап ала алмай келемін.

Тұрғындардың бірі апаттық жағдайдағы ағаштарды кесуді өтінсе, енді бірі бұған қарсылықтарын білдіріп жатыр. Қос тарап бұл мәселені әлеуметтік желілерде жарыса талқылауда. Тиісті мамандар жасыл желекке сараптама жүргізіп, облыс орталығындағы 600-ден астам ағаштың ескіргендігін анықтаған. Солардың бір бөлігі Батыр Баян көшесінде өсіп тұр.

Жасыл желек электр сымдарына тым жақын орналасқан. Бұтақтары өскен сайын электр сымдарын керіп, ақыры үзіп жіберуі мүмкін екен. Жақында коммуналдық кәсіпорын қызметкерлері бейберекет өсіп кеткен бұтақтарды кескен. Бірақ, бұл мәселені түпкілікті шешпейді дейді

Тимур Зверяченко – дендролог:

– Біз Батыр Баян, Гашек, Жамбыл, Партизан, Васильев көшелерінің жиегіндегі ағаштарды зерттедік. Өсіп тұрған жасыл желектің басым бөлігі – терек. Олар әбден ескірген. Ал ескірген сайын аталған ағаш түрі жазда мамықты да көп шашатынын білген жөн. Бұл аллергиясы бар жандарға қиындық туғызады.

Абырой болғанда, облыс аумағында соңғы 5 жылда апаттық жағдайдағы ағаш адамға құлап, ауыр жарақат алу фактісі тіркелмепті. Біздің өңірімізде мұндай жағдай орын алмағанымен, былтыр Алматы қаласында бүтін бір отбасы қара жамылды. Жасыл желек көлеңкеде отырған тұрғындардың үстіне құлап, жас келіншек сол жерде көз жұмды. Ал оның 3 бірдей баласы ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Тимур Зверяченко сыр берген ағаштың құлауын күту қауіпті, нақты шара қолданып, оның алдын алу қажет дейді.

Тимур Зверяченко – дендролог:

– Ескірген ағаштарды биылдан қалдырмай кесіп тастау қажет. Оның орнына пирамида тектес, яғни, тік өсетін теректерді отырғызу қажет. Жасыл желектің бұл түрі өзінен мамық шығармайды әрі тез бой көтереді. 5-6 жылдың ішінде шаһардың ажарын аша түседі.

Қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла ескірген ағаштар жақын арада кесілетіндігін айтты. Оның орнына қайтадан жас көшеттер отырғызылмақ. Әзірге, ағаштың қай түрі егілетіні белгісі. Жоспарды жүзеге асыру барысында мамандардың айтқан ұсынысы ескерілуі мүмкін.

Маржан Қасымбек