Балалар

“Аттракцондар әлемінің” әткеншектері тексерілуде

Айналаны шолу дөңгелегі, экстремалды бумеранг, көңілді әткеншектер! Петропавлдағы “Аттракциондар әлемі” серіктестігі мамандары / орталық саябақтағы құрылғыларды техникалық тексерістен өткізіп жатыр. Сынақ жұмыстары 1 аптаға созылмақ.

Елде шектеу шаралары күшейтілгелі демалыс орындарының жұмысы уақытша тоқтап қалғаны рас. Соның ішіне бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын әрі теріскейліктердің тынығатын орны – «Аттракциондар әлемі» де кіреді. Серіктестік директоры Александр Козловтың айтуынша, былтыр жазда саябақ тек 18 күндей ғана жұмыс істепті. Сол үшін биыл саябақ ертерек ашылған.

Александр Козлов – «Мир Аттракционов» ЖШС директоры:

– Былтыр күз жылы болып, біраз табысқа кенеліп едік. Бұл біз үшін үйреншікті емес. Әдетте жылда жаз мезгілінде жұмыс істейміз. Осы ретте биыл бірталай шаруа атқаруды жоспарлап отырмыз. Саябақта 300 ағаш пен 1500 түп гүл отырғызамыз. Шыны керек, қайтадан бұрынғы жұмыс режиміне оралуды асыға күтіп жүрміз.

Дәстүр бойынша қыс бойы жұмыс істемей тұрған әткеншектер күн жылығанда техникалық тексерістен өтеді. Яғни, мұндағы қызметкерлер құрылғылардың бойында ақаудың бар-жоғына көз жеткізеді. Өйткені, келушілердің қауіпсіздігі – басты назарда.

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Мамандар аттракциондарды қарапайым тәсілмен тексереді. Яғни, құм толтырылған қаптарды әткеншектерге артады. Бір қаптың салмағы – 40 келі. Мәселен, мына айналаны шолу дөңгелегінің бір кабинасында 8 қап бар екен.

Бүгін 3 әткеншек тексерістен өткізіліп жатыр. Мамандар біздің көзімізше құрылғылардың бірінің жұмысын бақылады. Ешқандай ақау табылмады.

Татьяна Колчева – «Мир Аттракционов» ЖШС қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженері:

– Техникалық тексеріс барысында кемшіліктер анықталса, міндетті түрде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Әткеншек тиісті шаруа толық аяқталған соң ғана іске қосылады.

Аттракциондар әлемінде 30-дан астам әткеншек бар екен. Биыл мұнда жаңа жүйе қолға алынып отыр. Енді саябаққа келушілер карталық шоттарын банк қосымшасы арқылы толтыра алады.

Алтынай Қазиқан