Құқық қорғау органдары

14 жасөспірім профилактикалық есепке алынды

«Түнгі қаладағы балалар». Петропавлда / осындай атаумен / бір апта бойы / жедел-алдын алу шарасы жүргізілді. Оның барысында / түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көше кезген / 14 жасөспірім ұсталып, профилактикалық есепке алынды.

 

Ойын-сауық орындары, саябақтар мен аулалар. Полицейлер түнгі рейд барысында кәмелетке толмаған ұл-қыздар жүруі мүмкін барлық орынды жіті тексерді. Себебі, аталған жерлерде жастардың қатысуымен құқық бұзушылық орын алуы әбден мүмкін.

Айгүл Кәрімова – қалалық ПБ ювеналдық полиция тобының аға инспекторы:

– Іс-шараға білім беру мекемелерінің, “Nur Otan” партиясының өкілдері, сонымен қатар, біздің ювеналдық полиция бөлімшесінің қызметкерлері қатысуда. Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдерді ойын-сауық мекемелерінде, үйден тыс жерлерде анықтау, сонымен қатар, жастармен және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алу.

«Түнгі қаладағы балалар» деп аталған іс-шараның қорытындысы бойынша 36 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 27-сі – заңды өкілдерінсіз түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерге қатысты. Сондай-ақ, профилактикалық жұмыс барысында полицейлер тұрғылықты жері бойынша тұрмысы төмен 111 отбасыны тексерген.

Елена Завьялова – қалалық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы:

– Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия 18 жастан аспаған жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс істейді. Негізгі міндетіміз – тұрмысы нашар отбасыларды, девиантты мінез-құлықты жасөспірімдерді анықтау.

Сонымен, облыста 5 күн ішінде полиция бөліміне кәмелетке толмаған 230 бала жеткізілді. 300-ге тарта құқық бұзушы анықталды. Оның 200-ге жуығы түнде үйден тыс жерде, ойын-сауық мекемелерінде жүрген. Профилактикалық есепке 14 ұл-қыз бен тұрмысы нашар 42 отбасы алынды.

Алдияр Айтпаев