Балалар

Петропавлда жаңа бөбекжай-бақша жұмысын бастады

Петропавлда су жаңа бөбекжай жұмысын бастады. “Батыр” деп аталатын мектепке дейінгі білім беру мекемесі / көпқабатты үйде орналасқан. Енді ол жерде 40-тан астам бала / қазақ және орыс тілдерінде тәлім алатын болады. Бұл жоспарды жүзеге асыру үшін қалалық бюджеттен 4 млн теңге жұмсалыпты.

“Батыр” бөбекжай-бақшасы «Жас Өркен» ықшам ауданындағы 9 қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан. Балаларының енді жақын жерде тәрбие мен білім алатындарына ең алдымен ата-аналар қауымы қуанышты. Мәдина Оразаева өзінің 2 жасар ұлын осында әкелмек.

Мәдина Оразаева – қала тұрғыны:

– Үйіміздің жанында балабақша ашылғанына өте қуаныштымын. Электрондық кезек бойынша баламды осы балабақшаға орналастырдым. Бүгін бірінші күн келіп отырмыз.

«Батыр» бөбекжай-бақшасы 44 балақайға шақталған. Бүгінгі күні мұнда қазақ және орыс тіліндегі екі топ бар. Мектепке дейінгі білім беру мекемесі таңғы сағат 8-ден кешкі 18:30-ға дейін жұмыс істейді.

Ирина Аредакова – “Батыр” бөбекжай-бақшасының меңгерушісі:

– Бөбекжай-бақшамызға 2 мен 3 жастың аралығындағы балақайлар келеді. 44 баланың барлығы «Индиго» автоматтандырылған жүйесіндегі кезекке сәйкес біздің мекемеге жолдама алды. Алғашқы аптада сәбилер бейімделуден өту үшін біз түске дейін жұмыс істейміз.

Бөбекжайда 22 адам еңбек етеді. Соның 11-і – тәрбиеші. Балалармен педагог-психолог және музыкалық жетекші жұмыс істемек. Жалпы, бұл -Петропавлдағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында ашылған 2-ші бөбекжай.

Сайран Испандиярова – қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

– 2019 жылы дәл осындай балабақша алғаш рет Жабаев көшесіндегі 80-ші үйде ашылды. Мұндай бөбекжайларың саны артып жатқаны көңіл қуантады. Себебі, бәрі ұл-қыздарының жақын жерде болғанын қалайды. Болашақта мұндай нысандардың санын көбейту жоспарланып отыр.

Жалпы, “Батыр” балабақша-бөбекжайын ашу үшін қалалық бюджеттен 4 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.

Маржан Касымбек