ЭкологияӘр түрлі

Петропавлда жалпықалалық сенбілік өтті

Облыс орталығында / биылдыққа / алғашқы жалпықалалық сенбілік өтті. Игі шараға 6 мыңнан астам тұрғын қатысты. Бастама барысында белсенді жерлестеріміз 2 мың тоннадан астам қалдық жинап, полигонға жеткізді.

Демалыс күні. Сағат 11-лер шамасы. Шаһар көшелерінде таңертеңнен қызу жұмыс жүріп жатыр. Қолдарына сыпырғыш, тырнауыш пен күрек ұстаған жандар айналаны қар астында қалған қоқыстан тазартып, жан-жақты ретке келтіруде. Қалдықтарды техникаға оңай арту үшін бірден қаптарға салуда. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Мұхтар Оспанов мұндай шараға алғаш рет қатысып отырғанын айтады.

Мұхтар Оспанов – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі секторының бас маманы:

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Челюскиннан бастап Партизанская көшесіне дейін, яғни, Жамбыл бойын жинап келе жатырмыз. Біздің бөлімнен 50 шақты адам шықты. Қала тұрғындарының барлығын сенбілікке қатысуға шақырамын.

Ал бұл – қаладағы Мұқанов көшесі бойында орналасқан 91-ші үйдің ауласы. Мұндағы баспана иелері де игі шарадан шет қалмай, маңайды жинауға білек сыбана кірісіп кеткен. Бұған дейін 3 рет өзара сенбілік өткізіпті. Онда қар шығаруға басымдық берген екен. Бұл жолы да белсенді жандар көлеңкеде ерімей тұрған ақ ұлпаны жан-жаққа лақтырды, бұл – қардың тез еріп кетуі үшін жасалатын амал және балалардың ойын алаңқайын жинастырды. ПИК төрайымы Лариса Винокурованың сөзінше бүгін үлкендерге қарағанда балалар көбірек белсенділік танытқан сыңайлы.

Лариса Винокурова – «Муканова, 91» ПИК төрайымы:

– Біздің ауладағы балалар өте белсенді. Сенбіліктерге жиі ат салысып, үлкендерге көмектесіп тұрады. Өкінішке қарай, бүгін тұрғындардың біразы жоқ. Көбісі демалыс күнді пайдаланып, саяжайларын тазалап жатса керек.

Жалпы, бұл жолы сенбілікке 6 мыңнан астам петропавлдық қатысты дейді қалалық әкімдік өкілдері. Сондай-ақ, жиылған қоқысты шығару үшін 40 техника жұмылдырылған.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Сенбіліктерге қала әкімдігінің басқарма қызметкерлерінен бөлек, кәсіпорындар мен мектеп, балабақшалардың қызметкерлері қатысып жатыр. Сондай-ақ, қала тұрғындары да белсене ат салысуда. Сондықтан да біз барлық қала тұрғындарын әр сенбі күні қаланы тазартуға шақырамыз. Сенбі күні барлық қоқысты Шаховскоеда орналасқан полигонға тегін жеткізуге болады.

Тазалық шарасы кешке дейін жалғасты. 2 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, полигонға апарып төгілген. Мұндай жалпықалалық сенбіліктер қатарынан 3 ай бойы ұйымдастырылмақ.

Алтынай Қазиқанның