Бас партия өкілдері қоғамдық орындарда мониторинг жүргізуде

Қоғам

21:23 19 Сәуір 2021

Облыс орталығындағы қоғамдық орындарда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қандай жағдай жасалған? Бүгін осыны білу үшін «Nur Оtan» партиясы жергілікті филиалының өкілдері қаламыздағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мен темір жол вокзалында мониторинг жүргізді.

Мамандар бас сұққан алғашқы нысан – Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы. Мониторингілік топ өкілдері мұнда көліктен түспей жатып ескертулерді тізе бастады. Ғимараттың аумағында ыңғайлы автотұрақ жоқ, бордюрдің жиегіне су жиналған, нысанға апарар кеспе тастың үсті әбден тозып, үгіліп кеткен.

– Мына жерде бордюрлі пандус жасалуы керек. Онда тұрған ешқандай қиындық жоқ. Себебі, мүгедек жандарға қозғалу қиын.

Ал мүгедек жандар үшін құйылған пандус, тіпті, қолдануға жарамайды десек те болады. Паражүзуден ҚР спорт шебері Владимир Эрманның өзі онымен жоғарыға әзер дегенде көтеріле алды. Өйткені, пандусқа мінер тұс тым төмен түсіп кеткен және екі жағынан да бірдей болуы тиіс темір жақтаулар тек бір қапталдан ғана салынған. Көтеріліп-түсуге арналған жолдың өлшемдері де стандартқа сай келмей шықты.

Владимир Эрман – облыстық мәслихаттың депутаты, паражүзуден ҚР спорт шебері:

– Мен “белсенді арбада” отырмын. Соның өзінде әупірімдеп қана көтеріле алдым. Ал қарапайым арбамен жүретін жандар сіздердің пандустарыңызбен жоғарыға мүлдем шыға алмай қалады. Нәзікжандылардың жағдайын айтпасақ та түсінікті. Сондай-ақ, пандус арқылы көтеріліп-түскен кезде жарақат алу қаупі өте жоғары.

Пандустың қасында арнайы көмекші шақыратын батырма бар. Бірақ, әркім оны қолданғысы келе бермейтіні рас. Сол себепті, кемтар жандардың өз күштерімен қозғалулары үшін жағдай жасаған абзал. Сонымен қатар, мониторингілік топ нысан ішіне де кірді. Мұнда да біраз олқылық анықталды. Жіпке тізейік: нашар көретін адамдар үшін есікке жапсырылған сары қағаздар тым төмен орналасқан, дәретханаға жол бағыттайтын жолақ мүлдем жоқ, әр есіктің астында табалдырық, әжетхананың алдында «Мүгедек жандар үшін» деген белгі де көзге түспеді. Мониторингілік топ өкілдері мекеме басшылығына ұсыныс жолдап, аталған кемшіліктерді жою қажеттігін ескертті.

Кейін бас партия өкілдері темір жол вокзалына ат басын бұрды. Мұнда да бірнеше ескертулер айтылды. Мәселен, қол жуғыштың алдындағы темір тұтқа сынып қалған екен. Екінші ескерту біртілділікке қатысты. Лифт, баспалдақ пен дәретхананың жақтауында зағип жандар үшін ілінген арнайы тақтайшада ақпарат тек орыс тілінде ғана жазылған. Яғни, мемлекеттік тілде жазба жоқ. Мамандар басшылыққа ескерту айтты. Кемшілік жақын арада түзелуі тиіс.

Гүлнәр Халықова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ бөлім меңгерушісі:

– Темір жол вокзалының алдындағы жаяу жүргіншілер жолына шығып-түсу ыңғайсыз. Арбамен қозғалатын жандар үшін бордюрлі пандус жасау қажет. Ғимарат ішіндегі жағдай жаман емес. Тек «Брайль» жүйесі бойынша жазылған тақтайшаларда мемлекеттік тілде ақпарат жоқ.

Жалпы, «Nur Otan» партиясының өкілдері биыл қаладағы 100-ден астам қоғамдық орында мониторинг жүргізуді жоспарлап отыр. Мамандар бүгінге дейін 37 нысанда болған.

Бердімұрат Баймұқан

Бұдан әрі оқыңыз

Петропавлда бос орындар жәрмеңкесі өтті
Тұтынушы құқығы – басты назарда
«Ақ көгершін» экологиялық акциясы өткізілді
Петропавлда 600-ден астам ескі ағаш кесуді қажет етеді