Білім

Петропавлдық оқушылар “Зерде” республикалық байқауында жүлдегер атанды

Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол. Соңғы кездері «Tik-tok» пен «Like» қосымшаларын қолданатын жандардың қатары көбейіп барады. Қазір үлкендер де, кішілер де видео түсіріп, желіге жүктеуде. Алайда, кей жазбалар балалардың бойында жаман әдеттерді қалыптастыруы мүмкін екенін ұмытпау керек. С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 2-ші сынып оқушылары Айлин Теміржан мен Қарақат Анас республикалық “Зерде” байқауында осы мәселені қозғапты. Олар арнайы түсірген видеоларында ненің дұрыс, ненің қате екендігін көрсеткен. Қос балғынның еңбегі қазылар алқасының көңілінен шығып, 2-ші орынға лайық деп танылды. Марапаттау рәсімі бүгін өтуде.

Қарақат пен Айлин 1-ші мен 7-ші сынып оқушылары арасында сынға түскен. Республикалық байқау қаңтардың 26-сы мен 27-сі күндері ұйымдастырылды. Онда қалалық мектептерде білім алатын өзге 4 оқушы 1 күміс және 3 қола медальді жеңіп алған.

Ал Елнара Мықтыбай жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық байқауда бақ сынап, 1-ші орын иеленді. Сайыста жоғары сынып оқушылары өздері әзірлеген жобаларын онлайн қорғапты. Жерлесіміздің еңбегі қазақ тіліндегі метафораның түрлеріне қатысты.

Елнара Мықтыбай – М.Жұмабаев атындағы жоғары колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицейінің оқушысы:

– Жобамның тақырыбы “Төлеген Айбергенов поэзиясындағы метафора мен автометафора ерекшеліктері” деп аталады.  Метафора – бір сөздің астарлы мағынасын білдіреді. Ал автометафора жалпылама түрде емес, нақты сипатын береді. Мысалы, “мен жермін”, “мен күнмін” деп өзін табиғат құбылыстарына теңей алады.

Жалпы, білім беретін пәндер бойынша өткен республикалық байқаудың жеңімпаздары ақпанның 9-ы мен 12-сі күндері аралығында анықталған. Мұнда да Елнарадан бөлек, тағы 2 солтүстікқазақстандық оқушы күміс пен қола жүлдені жеңіп алыпты.

Маржан Касымбек