МТРА жаңалықтарыҚоғам

Петропавлда бос орындар жәрмеңкесі өтті

Бүгінгі бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген халықтың қарасы қалың. Бәрі – әр түрлі жастағы адамдар. Мұнда оқуды енді тәмамдаған түлектерден бастап жасы 50-ден асқан жандар да бар. Барлығының мақсаты бір – лайықты қызмет табу. 25 жастағы Марина Першуткинаның 3 бірдей дипломы бар екен. Ол М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде табиғи биология мамандығы бойынша бакалавр мен магистратураны аяқтапты. Кейін Литва елінде микробиология және биотехнология саласы бойынша 2 жыл білім алған. Облысымызға былтыр оралған білікті маман қазір жұмыссызбын дейді.

Марина Першуткина – қала тұрғыны:

– Бір жылдан бері жұмыс таба алмай жүрмін. Мамандығым ғылым саласына бағытталған. Жұмыспен қамту орталығының мамандары мені осында жіберді. Әзірге, өзіме лайықты жұмыс таппадым. Мұнда көбінесе құрылысшылар мен сатушы сынды қызметкерлер керек екен.

Қазіргі күні қалада 800-ден аса бос жұмыс орны бар екен. Шаһарда көбінесе құрылыс, білім беру, денсаулық сақтау мен өндіріс салаларында маман тапшы. Бүгінгі жәрмеңкеге жергілікті 19 кәсіпорын мен түрлі мекемелердің өкілдері қатысты. 1 сағаттың ішінде жұмыс іздеген 100-ге жуық адам келді.

Болат Жұмабеков – Петропавл қаласының әкімі:

– Наурыз айынан бастап қалада осындай жәрмеңкелер өткізіліп жатыр. Ең алдымен бізге құрылысшылар керек. Себебі, былтыр 40 үй салсақ, биыл 50-ден артық тұрғызамыз. Сондай-ақ, кәсіп ашқысы келген жандарға үкімет тарапынан көмек көрсетіледі. Биыл 150-дей грант таратпақшымыз.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қалада әр апта сайын өткізіліп тұрады. Сондай-ақ, тұрғындар ваканцияларды кез келген уақытта Enbek.kz сайтына кіріп те онлайн түрде қарай алады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан