Спорт

Петропавлдық бишілер ел чемпионатында сәтті өнер көрсетті

Жарасымды жұп әсем әуеннің ырғағына мың бұралып билеп жатыр. Бұған олардың еттері әбден үйренген. Өйткені, Ярослава Кузнецова спорттық бал биімен 6 жасынан бастап айналысып келеді. Ал оның әріптесі Кирилл Новиков болса, сахнада 17 жылдан бері өнер көрсетіп жүр. Талантты теріскейліктер талай республикалық, халықаралық додаларда бақ сынап, жүзден жүйрік атанған. Жуырда қос биші Нұр-Сұлтан қаласында өткен ел чемпионатына қатысты. Мұнда да жүлдеге ілікті. Оларға екінші орын бұйырыпты.

Кирилл Новиков:

 – Әлемдегі жағдайға байланысты 1 жылдан астам уақыт бойы байқаулар өткізілмеді. Мұндай ұзақ үзілістен кейін сахнаға шығу қиындық туғызды.

Ярослава Кузнецова:

– Конкурста шектеу шараларына байланысты көрермендер болмады. Және барлық төрешілер медициналық маскамен отырды. Ал бұл психологиялық жағынан әсер етеді екен. Өзімізге деген бір сенімсіздік ұялатқандай, сахнада қобалжыдық. Оның үстіне үнемі қатысушылардың дене температурасы өлшеніп отырды. Дегенмен, күміс жүлде еншіледік. Нәтижеге көңіл толады.

Сәуірдің 10-ы мен 11-і күндері болған сайыс ерекше форматта өтіпті. Ұйымдастырушылар сахнаға бір мезетте бірнеше жұпты шығарған. Кейін қазылар алқасы барлығын билетіп, арасынан үздігін таңдаған. «Шәкірттерім мұндай нәтижеге тынымсыз еңбектің арқасында қол жеткізіп отыр»,- дейді “Savancer” хореографиялық мектебінің жетекшісі Юлия Ширина. Өнерпаздар байқауға 2 ай бойы дайындалған.

Юлия Ширина – “Savancer” хореографиялық мектебінің жетекшісі:

– Биыл алтын медальға қол жеткізе алмадық. Дегенмен, 2-ші орын көбірек мотивация береді демекші, келесі жылы жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінеміз деген ниеттеміз. Жалпы, биыл біздің хореографиялық мектебімізге 7 жыл толып отыр. Қазіргі күні орталықта 100-ге жуық биші бар. Қатысушылар бидің түр-түрін билейді.

Айта кетейік, спорттық бал биінен өткен ел чемпионатына бұл жұптан бөлек, тағы 13 солтүстікқазақстандық жұп қатысыпты. Жерлестеріміз жарыста жалпы саны 17 медаль еншілеген.

Алтынай Казиканова