БілімCOVID-19: Қазақстан

М.Айтхожин атындағы №1 орта мектеп 2 апталық карантинге жабылды

Аталған мектеп осы күнге дейін штаттық режимде жұмыс істеді. Алайда, көктемгі демалыстан шыққан соң 5 оқушыдан коронавирус инфекциясы табылыпты. Олар: 1-ші, 8-ші және 9-шы сыныптың ұл-қыздары. Оқу ошағының директоры Алексей Курленяның айтуынша, сырқаттанып қалған жандар аурудың симптомсыз түріне шалдыққан. Себебі, мектепке кірерде алдымен барлығының дене қызулары өлшенеді. Дертті жұқтырғандардан күдік тудыратын жағдай тіркелмепті. Сондай-ақ, оқушылармен тікелей байланыста болған 3 мұғалім қашықтықтан жұмыс істеуге ауысты. Абырой болғанда, педагогтар қауіпті індетті жұқтырмапты. Әзірге, білім ұясы 2 апталық қашықтықтан оқуға көшірілді. Айта кеткен жөн, бүгінде мектепте 1200-ге жуық ұл-қыз білім алады.

Алексей Курленя – Мұрат Айтхожин атындағы №1 орта мектебінің директоры:

– Дерттің таралуын одан әрі күшейтпес үшін оның алдын алып, карантинге жапқан дұрыс деп ойлаймын. Себебі, ауру айтып келмейді. 4-ші тоқсанды тыныш бастаған болатынбыз. Мұндай жағдайдың орын аларын, шыны керек, күтпедік. Барлығы тезірек сауығып, дәстүрлі оқу форматына ауысамыз деген ниеттеміз.

Алтынай Казиканова