МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Көшбасшы партияға қарасты қоғамдық кеңестер құрылды

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– Партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында барлық деңгейде қоғамдық кеңестер құру бойынша жұмыс жүргізілді, құрамдары анықталды, ережелер мен жұмыс жоспарларының жобалары әзірленді. Облыста барлығы 12 өңірлік кеңес және 141 аумақтық кеңес құрылды. Петропавл қаласында және 13 ауданда осындай кеңестер жұмыс істейтін болады.

12 өңірлік кеңестің өз жұмыс бағыты бар. Бірі – аграрлы сектордағы даму процесін, екіншілері – денсаулық сақтау, үшіншілері білім беру саласында атқарылып жатқан шаруаны қадағалайды. Бақылау органдарына облыс бойынша 800-ден астам адам мүшелік етуде. Бұл – барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, сарапшылар, белсенді ұстанымы бар азаматтар мен блогерлер. Кеңес өкілдеріне қойылған талап біреу – партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген әрбір мақсаттың орындалуына мониторинг жүргізу. Маңызды құжатқа енген жоспар ауқымды. Сәйкесінше, жүзеге асуына бөлінетін қаражат да аз емес. Әр тиынның тиімді жұмсалуы мен шаруаның мардымды атқарылуы үнемі бақылауда болуы керек.

Құмар Ақсақалов – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық бюджет – ашық. Осы ашықтықты пайдаланып, қадағалау керек. Ешкім оған кедергі жасай алмайды. Кеңестің толық құқығы бар.

Облыс әкімі бақылау ісіне жергілікті тұрғындарды да белсене араласуды шақырды. Асфальт төсеу, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеу барысындағы олқылықтарды көріп қалған жағдайда фото-видеоға түсіріп, материалдарды кеңес мүшелеріне ұсынуға болады. Жан-жақтан қатаң бақылау жүргізілгенде ғана жоспарда айқындалған әрбір іс 100 пайызға сапалы атқарылмақ.

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова