Мәдениет

“Қасиетті Қазақстан” кітабының 4-ші томы жарық көрді

Қызылжар ауданындағы Долматово селосының маңында біздің заманымызға дейінгі 5 ғасырда сақтардың Ақ-Ирий қаласы болған. Кеңес дәуірінің бас кезінде бұл мекен дұрыс зерттелмепті. Тек 68-ші жылы ғана ғалымдар ауқымды зерттеу жүргізе бастаған. Ал 2003-те қазба жұмыстары қарқын алып, қалашықтың орны табылады. Бүгінге дейін көне шаһарға қатысты біраз дерек жиналған. Құнды ақпараттар «Қасиетті Қазақстан» кітабының 4-ші томына енгізіліпті.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Кітапқа 3 өңірдің қасиетті жерлері кірді. Ол: Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Теріскейдің 600 нысаны осы томда бар. Объектілерді белгілеген кезде ұлттық нысандар тізіліміне тағы 8 орын кірді.

Энциклопедиядан Айыртау ауданында орналасқан Ақан сері атамыздың зираты жайлы да тың мәліметтерді табуға болады. Сондай-ақ, еңбекке ел мен жер дауын халық пайдасына шешіп, әділетті би бола білген Ноғайбай туралы да жаңа ақпараттар енгізілген.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Нысандардың ішінде ерекше атап өтетініміз – Ноғайбай бидің өмірбаяны. Оның Солтүстік Қазақстанды дамытуға қосқан үлесі жайлы құжаттарды Омбы, Санкт-Петербургтің архивінен алып келдік. Ноғайбайдың тарихтағы орнын айттық. Мазары киелі жерлердің картасына енді.

Солтүстік Қазақстан – қара қылды қақ жаратын әділ билердің ғана емес, баһадүр батырлардың да мекені. Солардың бірегейі – Байтайлақ батыр. Ел үшін туған ержүрек ұл «Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақ даласын жаудан қорғауға үлес қосқан екен. Абылай ханның өзі оны ерекше құрмет тұтыпты.

Сәуле Мәлікова – Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Сонымен бірге, кітапқа Есіл ауданындағы Құлсары атамыздың мазары жайлы жазылған. 18-ші ғасырда Абылайға байланысты құжаттар жинаған кезде Құлсары мен Құлекеге байланысты жаңа деректер шыға бастады. Республикалық нысандардың картасына енді. Айыртау ауданындағы Қарасай мен Ағынтайдың мемориалдық кешені бар. Айғаным қонысының маңызын зерттедік.

Кітапта теріскейдің тұмса табиғаты жайлы да сыр шертіледі. Имантау мен Шалқар көлдері тазалығымен көпке танымал. Ал Меңгесердің балшығы талай дертке ем болса, Теке көлінен тұз өндіруге болады.

Зарқын Тайшыбай – Қазақстанның құрметті профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Адамның адам болып қалыптасуында осындай дүниелерді білгені дұрыс деп ойлаймын. Бұл қасиетті жерлердің әрқайсысы туралы бөлек сабақ өткізуге болады.

«Қасиетті Қазақстан» кітабының 4-ші томы алдағы уақытта білім ошақтарына ұсынылады. Ал онымен танысқысы келетін тұрғындар мол мәліметке толы еңбекті жергілікті кітапханалардан таба алады.

 

 

Маржан Касымбек