Құқық қорғау органдары

Алаяқтар зейнеткерлерді сан соқтырмақ болған

Ерлі-зайыпты зейнеткерлерге күндізгі сағат 12-лер шамасында қоңырау келіп түседі. Телефонның ар жағындағы бейтаныс нәзікжанды өзін банк қызметкерімін деп таныстырған. Баспана иелеріне: “Сіздердің банк карталарыңызға қатысты күдік тудыратын әрекеттің жасалғаны байқалады. Бәз біреулер сырттарыңыздан несие рәсімдепті”,- деп сенімді түрде айтып, жеке деректерін сұратқан. Қарттар бұл істе бір шикілік барын бірден түсініпті. Хабарласқан қуға жолдың арғы бетіндегі банк бөлімшесіне барып, мән-жайды анықтайтындарын айтқан. Осы сәтте пысықай телефон тұтқасын өзін қаржы ұйымының басшысымын деп таныстырған ер адамға береді. Ол да карта нөмірі мен үш саннан тұратын құпия кодты сұрайды. Ал зейнеткерлер бұл сөздерден кейін тұтқаны мүлден қоя салыпты. Бірақ, алаяқтар қоңырау шалуды тоқтатпаған.

– Әлгі адам бізге «Сіздер байланысты неге үзіп жібердіңіздер? Біз сіздерді ойлап, қамқорлық танытудамыз. Сіздер болсаңыздар, байланысты үзе бересіздер!» деп жекіді. Біз сіздерге ешқандай мәлімет бермейміз, біз банкке барамыз деп жауап қаттым. Банкке келсек, қызметкерлер мұндай жағдайда ешкімге ешқашан қоңырау соқпайтындарын айтты.

Алаяқтардың бұл әрекеттерінен әбден мезі болған зейнеткерлер полиция бөліміне жүгінген. Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары пысықайларды
анықтау үшін жедел-профилактикалық іс-шара өткізуде.

Асқар Омаров – қалалық ПБ екінші полиция бөлімінің аға жедел уәкілі:

– Қазіргі таңда интернет-алаяқтық өршіп тұр. Азаматтар абайсызда өздерінің есепшоттарындағы ақшалай қаражаттарын бөгде адамдарға аударып, интернет-алаяқтардың құрбанына айналады. Осыған орай біз сіздерден банк карталарының нөмірлерін, жеке құжаттарыңыз жайлы мәліметті бөгде адамдарға айтпауларыңызды сұраймыз.

Жалпы, үстіміздегі жылдың үш айында облыс аумағында 211 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Оның 57-сі өндіріспен аяқталды деп түсіндірді мамандар. Яғни, сот белгілі бір шешім шығарған, қылмыс құрамы анықталмады немесе іс ашылды.

 

Алтынай Казиканова