МТРА жаңалықтары

Жастар ардагерлердің өсиеттерін тыңдады

Тәуелсіздік – ащы термен келген тәтті жеңіс. Ал оны тұғырлы ету жолында еңбек еткен солтүстікқазақстандықтардың қатары мол. Мәселен, еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов туралы айтсақ қателеспеспіз. Сексен тоғызды алқымдаған қарт жұмысқа 10 жасында кірісіпті. Жастайынан еңбекке араласып, мол тәжірибе жинақтаған жан тәуелсіздік алған жылдары өңіріміздің бірнеше ауданында тер төккен. Өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Бүгін ақсақал залға жиналған жастарға өзінің өмірбаянын айтып, оларды еңбекқор болуға шақырды.

Жақсылық Ысқақов – еңбек ардагері, СҚО құрметті азаматы:

– Біз ауылда өстік қой. Сол кезде әкеміз үлкен кісінің алдынан өтпе, оны танымасаң да сәлем бер деп үйрететін. Кейін ер жетіп, қызметке орналастық. Сөйтіп жүріп бастық болдық. Сол уақытта маған әкем жұмысшылар кемшілік жіберіп жатса оларды балағаттап ұрыспа дейтін. Тек ақылмен түсіндіру қажет екенін айтты.

Иә, үлкенге құрмет, кішіге ізет деп қазақ атам бекер айтпаған. Дәл осы нақылды санасына сіңіріп өскен ұрпақ ертеңгі күні ел арасында сыйлы, абыройлы болып өсетіні хақ. Нелли Иванова ұзақ жылдар бойы білім беру саласында тер төкті. Ұлағатты ұстаз өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу қажет дейді. Сол кезде ғана олар елге адал қызмет етіп, мемлекеттің дамуына үлестерін қосады.

Нелли Иванова – СҚО құрметті азаматы:

– Тәрбиеге көп көңіл бөлу керек. Адамгершілік пен рухани байлық – көп жетістіктің кілті. Біздің басты мақсатымыз – елге қызмет ету. Қара бастың қамы әрқашан да кейінгі кезекте тұруы тиіс. Әлемді ақша емес, адам өзгертеді. Сол себепті, жастарымызды ұлтжанды қылып тәрбиелеуіміз қажет.

Тәлімі мен тағылымы мол отырыста аға буын мен жастар қауымы біраз мәселе жөнінде әңгімелесіп, көрген-білгендерімен бөлісті. Шара соңы шағын концертке ұласты.

 

 

Бердимурат Баймухан