Мәдениет

Петропавлда халықаралық әдеби байқаудың жүлдегерлері марапатталды

София Танкова байқауға дейін Агния Бартоның бірен-саран ғана шығармасымен таныс болыпты. Бір күні ерекше конкурс өтетіндігін естіп, қатысуға бел буған. Сол кезде ғана ақынның шығармашылығына терең бойлаған екен. Интернеттен орыс қаламгерінің өлеңдерін іздестіріп, ұнаған екі туындысын жаттаған. Оларды мәнерлеп оқып, түсірілген видеоны ұйымдастырушыларға жіберіпті. Қазылар алқасы жеткіншектің өнерін жоғары бағалаған.

София Танкова:

–  Байқауға Агния Бартоның “Уехали” және “Золотая трава” өлеңдерін ұсындым. Біреуінде ақын тастанды күшіктің тағдыры жайлы баяндаса, екіншісінде көркем табиғатты жырлайды. Конкурс шарты бойынша өлеңдерді мәнерлеп оқып қана қоймай, туындыларда бейнеленген көріністі қағаз бетіне сурет қылып салу керек болды. Тиісті талаптарды орындадым. 2-ші орын бұйырды. Қуанышымда шек жоқ.

Бұл байқаудың ауқымы кең. Онлайн-сайысқа 14 мемлекеттен 270-ке тарта видео жолданған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, оның 100-ге жуығы теріскейлік жеткіншектерге тиесілі. Біразының жолы болды. 5 жасөспірім – 1-ші орын, 11-і – 2-ші және 20 қатысушы 3-ші орын иеленді.

Ринат Исмаилов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының “Тишина закулисья” жастар студиясының жетекшісі:

–  Қатысушылардың қабілет деңгейі өте жоғары болды. Түсірген видеолары да, салған суреттері де керемет. Бір-бірінен асып түседі. Бір айдан астам уақыт ішінде талай жақсы туынды көрдік.

Айта кету қажет, бұл байқау танымал балалар ақыны Агния Бартоның 115 жылдық мерейтойы мен “Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау” жылы аясында ұйымдастырылды.

Бердимурат Баймухан