Су тасқыны

Топырақтағы тоңның жібу барысы

Күннің біртіндеп жылынуы / жердегі тоңның тез жібіп, еріген қар суының топыраққа сіңіп кетуіне септесуде. Қазгидромет мамандары апта соңына дейін ауа райы +10 градустан жоғары болады дейді. Бұл уақытқа дейін өңірдегі бірнеше ауданда тоң толық жібиді деп болжануда.

Арнайы құрал 11 см тоңның жібігендігін көрсетіп тұр. Әлі босамаған 39 см бар. Қазгидромет мамандары тағы 1 апта бойы күн бүгінгідей жылы болып тұрса, жер толығымен жібиді дейді. Сонда, еріген қар су жиналып қалмай, топыраққа бірден сіңіп кетеді.

Роман Гиричёв – «Қазгидромет» РММ СҚОФ инженері:

– Тайынша ауданындағы Чкалово селосында жердің тоңы толық жібіді. Одан өзге де елді мекендердегі көрсеткіш көңіл қуантады. Биыл Тайыншамен қоса, Ақжар ауданының диқандары да егіс жұмыстарын уақытында бастайды деген ойдамыз.

Алайда, М.Жұмабаев, Жамбыл және Айыртау аудандарындағы жағдай көңіл көншітпейді. Бұл жерлерде тоңның қалыңдығы 50-70 смді құрайды әрі өте баяу жібіп жатқан көрінеді. Бұған қоса, мамандар өңірдегі өзен-көлдердегі судың деңгейін де бақылауда. Қазгидромет өкілдері берген ақпарға сүйенсек, бүгін күндізгі 12 кезінде Сергеев су қоймасы 99 пайызға толыпты.

Роман Гиричёв – «Қазгидромет» РММ СҚОФ инженері:

– Қазір Сергеев қоймасындағы судың деңгейі 792 см-ді құрайды. Бірнеше сағаттан соң тасиды деп күтілуде. Мұны біз алдын ала болжаған болатынбыз. Қазір оқиға орнында ТЖД мамандары мен Қазгидромет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Бәрі -бақылауда.

Тасқын су нақты қай елді мекендерге қауіп төндіріп тұрғандығын мамандар нақты айтпады. Бұл әлі беймәлім күйінде қалып отыр. Белгілісі сол, аптаның соңына дейін сынап бағанасы +10 градустан төмендемесе, су тез сіңіп кетіп, қауіп бұлты сейіледі. Бірақ, бұл ауа райы мен уақыттың еншісінде.

Маржан Касымбек