Аптадағы маңызды жаңалықтар

Денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер сөз болды

Кадр жетіспеушілігі, медициналық мекемелердегі қондырғылардың аздығы мен дәрігер кабинетінің алдындағы ұзын-сонар кезек. Өткен аптада облыстық әкімдікте өңірдің денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер сөз болды. Жиынға «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Руслан Асылбеков қатысып, жергілікті мамандармен өзекті сұрақтарды ретке келтіру жолдарын талқылады.

Жиында сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов алдымен өңірдегі эпидахуалға тоқталып, коронавирусқа қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстарды баян етті. Айтуынша, аймақта инфекция жұқтырып алғандар үшін 630 төсек-орын бар. Қазіргі күні оның 36 пайызы толық. Яғни, 227 адам ем қабылдап жатыр.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:


– Бізде пандемия басталған кезде өкпені желдету аппаратының 81 данасы болды. Ал қазір оның саны 250-ден асады. Сондай-ақ, былтыр өңірдегі медициналық мекемелерде 5 оттегі станциясы құрылды. Одан бөлек, оттегі концентраттары мен баллондар да жеткілікті көлемде сатып алынды.

«Аймақтағы қауіпті дертпен күрес шаралары ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр. Бірақ, тұрғындар ақхалаттылардың жұмысын қиындатпай, оқшаулану ережелерін сақтап жүрсе игі», – дейді Нұрлан Айманов. Кейін жиында өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыға салынды. Жыл сайын өңір медицинасын дамыту үшін қазынадан қомақты қаржы бөлініп жатыр. Оған заманауи емдеу аппараттары алынып, аураханалардың техникалық базасы жаңартылуда. Алайда, әлі күнге дейін өңірде кадр мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінде облысқа 268 медициналық қызметкер қажет.

Нұрлан Айманов – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:


– Өңірге жас мамандарды тарту үшін медициналық қызметкерлерге төленетін көтермеақы көлемі өсірілді. Қазір ауылдық жерге барған мамандарға 2,5 млн теңге төленеді. Бұрын бұл сома 1,5 млн болды. Сонымен қатар, қалада дәрігерлерге арналған 244 орындық жатақхана тұрғызылып жатыр. Және келешекте кемінде 80 адамды резидентурада оқытуды жоспарлап отырмыз.

Кешенді жоспар аясында алдағы уақытта Петропавлда 2 емхана тұрғызылмақшы. Оның біреуі – Берекеде, ал екіншісі Жас Өркен ықшам ауданында бой көтереді. Бұл, әрине, тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыра түспек. Жиында барысында сала өкілдеріне сұрақтар қойылды. «Мой ребенок» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Татьяна Ковалеваны кезек мәселесі алаңдатады.

Татьяна Ковалева – «Мой ребенок» ҚБ жетекшісі:


– Қалада жалғыз кардиологиялық орталық бар. Ал сонда жұмыс істейтін аритмолог дәрігер адамдарды дүйсенбі күні ғана сағат 9-дан 11-ге дейін қабылдайды екен. Сол себепті, жүрек ауруына шалдыққан адамдардың арасында бірнеше күндік кезек туындайды. Яғни, жерлестеріміз дәлізде ұзын-сонар кезек құрады. Кадр тапшылығы бар екені белгілі. Бірақ, кезекке тұру жүйесін неге алдын ала жазылу бойынша жүзеге асырмайсыздар? Сонда тұрғындар уақыттарын тиімді пайдалана алар еді.

Бұл бағытта да кадр тапшылығын жою мақсатында қазір жергілікті 9 кардиолог дәрігер оқытудан өтіп жатыр. Бірақ, бүгінге дейін тұрғындардан кезек жайында ешқандай шағым түспеді дейді облыстық көпбейінді аурухананың кардиология блогының жетекшісі Мақсат Құдратуллаев.

Мақсат Құдратуллаев – облыстық көпбейінді аурухананың кардиология блогының жетекшісі:


– Кезекте тұрып, дәрігердің кеңесін ала алмай кетті деген жағдай ешқашан болған емес. Себебі, ауырған адамдардың көбісі бізге ота жасағаннан кейін келеді. Олардың кейбірі ғана алдын ала кеңес алу үшін дәрігерге жолығады. Тұрғындар кез келген сұрақ бойынша біздің анықтамалық орталыққа жүгіне алады. Сондай-ақ, телефон арқылы кеңес беру қызметі де жұмыс жасайды.

Стоматология саласына қатысты да сұрақ көтерілді. Жақында «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері өңір емханаларына мониторинг жүргізіпті. 3 емханада тіске арналған рентген аппараты болмай шыққан. Қазіргі күні мәселе қаралып жатыр дейді мамандар. Жиында қозғалған тағы бір сұрақ медициналық автобустарға қатысты болды.

Руслан Асылбеков – «ҚР Денсаулық сақтау министрлігі-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:


– Былтыр Солтүстік Қазақстан облысының медициналық мекемелеріне 8 автобус әкелінген болатын. Олар – жоғары технологиямен жабдықталған, заманауи көліктер. Бірақ, емханалардың біріне «Сарыарқа автопром» компаниясы қыстыгүні жазғы солярка құйылған көлік алып келіпті. Соның кесірінен техника көктемге дейін жай тұрды. Мұндай жағдай енді қайталанбауы тиіс. Істі жүргізген жандарды жауапқа тарту керексіздер.

Алдағы уақытта аталған мәселелердің барлығы денсаулық сақтау басқармасы мен жергілікті атқарушы билік тарапынан қолға алынып, шешу жолдары қарастырылмақ.

Бердимурат Баймухан