Мәдениет

Жергілікті «Sensitive» ұжымы Еуразия чемпионатында жеңімпаз атанды

Биімен жылата да, қуанта да алатын ұжым. Жергілікті «Sensitive» тобы Еуразия чемпионатында жеңімпаз атанды. Дүбірлі дода өткен сенбі күні Қарағанды қаласында ұйымдастырылды. Онда бірнеше мемлекеттен жиылған өнерпаздар бақ сынаған. Солтүстікқазақстандықтар байқаудың 4 аталымы бойынша өнер көрсетіп, бәрінде бірінші орынды иеленіпті.

Алғашқы кезеңді «Sensitive» ұжымы Абайға арналған қысқа монологтан бастапты. Одан соң, ақынның туындылар арқылы баяндаған ішкі арпалысын бишілер бимен жеткізуге тырысты. Бір шығарманың ішінде күйінішті де, бақытты да, шынайы сезімді де көруге болады. Жүректен шыққан еңбек жүрекке жетті. Жерлестеріміз алғашқы кезеңде-ақ қазылар алқасының көңіліне жол тауып, бірден бірінші орынды жеңіп алған.

Айнұр Саинова – «Sensitive» мимикалық би театрының бишісі:


– Байқау кезінде бәріміз қатты қобалжыдық. Себебі, бұл чемпионаттың ережесі басқаларына қарағанда өзгешелеу болды. Әр номинация бойынша кем дегенде 30 ұжым өнер көрсетті. Топтар биін аяқтаған соң қазылар алқасы ұпай қою арқылы жеңімпазды бірден анықтады. Бәрінен жоғары ұпай алғанымызды көргенде қуаныштан жылап жібердік.

Абай жайлы сыр шерткен солтүстікқазақстандықтар келесі аталымда музыканың «Самбо» жанрында өнер көрсетті. Жерлестеріміз биімен көрермендерді жылата да, қуанта да білген. Бұл жолы да олардың алшысы оңынан түсіп, ең жоғары ұпайды иеленеді.

Ольга Ростовщикова – «Sensetive» мимикалық би театрының балетмейстері:


– «Танго» және «Дуэт» аталымында да үздік атандық. Жалпы, Еуразия чемпионаты өткен сенбі Қарағанды қаласында ұйымдастырылған болатын. Байқау елімізден бөлек, Беларусь, Ресей, Тәжікстаннан келген ұжымдар да бақ сынады. Біз секілді ерекше топтар болмады.

Бұл «Sensetive» мимикалық би театрының карантин басталғалы бері бақ сынаған алғашқы халықаралық байқауы болатын.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының директоры:


– «Sensetive»-тің осы штатқа қосылғанына 1 жыл болды. Бұл – осы уақыт аралығында жеткен алғашқы жетістігі. Бұған біз қуанамыз.

Солтүстікқазақстандықтар жуырда Ресей чемпионатына шақырту алыпты. Байқау күзде ұйымдастырылмақ. Ал одан соң жерлестеріміз Чехияда және АҚШ-да өтетін сайыстарға қатысуды жоспарлап отыр.

Маржан Касымбек