Ауыл шаруашылығы

Тимирязев ауданында ірі қара құтыру ауруына шалдықты

Тимирязев ауданындағы шаруашылықтардың бірінде қара мал құтыру ауруына шалдықты. Қауіпті дерт Докучаево селосында орналасқан “Атамекен-Агро-Тимирязево” серіктестігінде анықталды. Абырой болғанда, індет тек бір бастан ғана табылыпты. Қазіргі күні қалған үй жануарларының ауруды жұқтырған-жұқтырмағаны тексерілуде. Шаруашылыққа 60 күндік шектеу шаралары енгізілді.

Ветеринарлардың айтуынша, Зеңгі баба төлін түлкі тістеп алған. Салдарынан осындай жайт орын алып отыр. Ал ірі қараның көзі сол күні-ақ жойылыпты. Ауру малдың денесі өрттеліп, оқиға орны дезинфекцияланған. Абырой болғанда, жұқпалы дерт тек бір ғана тұяқтының бойынан анықталып отыр.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Негізі, құтыру ауруы басқа малдарға сілекей, азық арқылы жұғады. Қазіргі таңда шаруашылықта жағдай тұрақты. Аурулар басқа малдарда тіркелген жоқ.

“Төрт түлікті қауіпті індеттен сақтайтын бірден-бір амал – вакциналау”,- дейді мамандар. Биыл облыс бойынша 53 мың ірі қараға екпе салу көзделіп отыр. Науқанды мал дәрігерлері ауру фактілері тіркелген жерлерден бастамақ. Ал енді Тимирязев ауданында орын алған оқиғаға қайта оралайық. Бүгінде ауру жұқтырған ірі қараның жем-суын берген 19 қызметкерге екпе қойылыпты.

Юлия Гайсина – СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Адамды мысық немесе ит тырнап алса да бірден жараны жуып, орнын 70 пайыздық спиртпен өңдеу керек. Ем-домға 5 проценттік йодты да қолдануға болады. Ал медициналық мекемеге барып, дертке қарсы екпе салғызса, тіптен дұрыс болады.

Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың ақпан айында Мамлют ауданына қарасты Меңгесер елді мекенінде де қара мал құтырма ауруына шалдыққан болатын.

Алтынай Казиканова