Су тасқыны

Өзен-көлдердегі су деңгейі көтеріледі деп күтілуде

Осы аптада өңірде ауа температурасы одан әрі көтеріліп, өзен-көлдер арнасынан асады деп күтілуде. Жергілікті құтқарушылар апаттың алдын алу үшін бақылауды күшейткен. Яғни, қазір барлық тиісті жұмыстар күшейтілген режимде атқарылып жатыр.

Мамандардың сөзінше, аймақтың 80 пайызында әлі қар жатыр. Сондықтан, өңірдің жекелеген аумақтарын су басу қаупі жоқ емес, бар. Айта кеткен жөн, өткен жұманың соңында Айыртау ауданына қарасты Имантау мен Есіл ауданындағы Горное елді мекендерінің маңындағы кіші өзендер тасыған болатын. Салдарынан қызыл су тас жолға жайылды. Алайда, қазіргі күні жағдай біршама реттелген. «Аталған ауылдардағы ағайынға қауіп төніп тұрған жоқ»,- дейді құтқарушылар. Жалпы, мамандар жағдайды тұрақты деп бағалап отыр. Бүгінде Сергеев су қоймасы 90 пайызға толған. Тіршілік көзінің арнадан асуына сәл қалып отыр. Ал Петропавл су торабындағы толымдылық көрсеткіші 91% жетіпті.

Рүстем Жұмағалиев – СҚО ТЖД дағдарыстық жағдайлар басқармасының бастығы:

– Бүгінде барлық жерде судың деңгейін анықтау үшін мониторингілік жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір Ғабит Мүсірепов пен Айыртау аудандарындағы өзен-көлдерді бақылаудамыз. Әзірге, онда айтарлықтай судың тасу фактісі тіркелмеді. Және құтқарушылар тобын Уәлиханов ауданына жібердік. Жағдайды барынша бақылап отыратын боламыз.

Алтынай Казиканова