МТРА жаңалықтары

Қасиетті Рамазан айы 13-ші сәуірде бастау алады

Айлардың сұлтаны – Рамазан биыл сәуірдің 13-і күні бастау алады. Яғни, ораза ұстауға ниет білдірген жан ертең таң намазының алдында сәресін ішіп, ауыз бекітуі тиіс. Бәрімізге белгілі облыс жақында коронавирустық ахуал жөнінен “сары” аймаққа енді. Осы орайда Құдай алдындағы парызын өтеймін деген тұрғындар қандай ережелерді сақтауы тиіс? Бұл жайында облыстың бас имамымен жүздесіп, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алдық.

 

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы биылғы пітір садақаны ел бойынша 420 теңге деп бекітті. Бұл отбасы мүшелерінің әрқайсысы үшін. Облыстың бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлының айтуынша оны тек жағдайы нисап мөлшеріне жеткен адамдарға ғана беру уәжіп. Ал әлеуметтік жағдайы төмен жанұялар үшін пітір садақасын беру қажет емес. Сондай-ақ, бас имамның сөзінше ораза ұстай алмайтын қарт немесе созылмалы ауруы бар кісілер фидия садақасын беріп, парыздарын өтей алады. Ал денсаулығы жақсы, ораза ұстай алатын мұсылман үшін ауыз бекіту міндет болып табылады.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы:


– Фидия берудің негізгі мақсаты – жетім-жесірлерге, таңертең немесе кешке бір-бір кісіден тамақтандыру. Яғни күніне 2 кісіге ас беру. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында таңертеңгі және кешкі астың құны 2500 теңге деп бекітілді.

Карантин талаптары күшейгендіктен Қасиетті Рамазан айында мешітте жамағатпен намаз оқылмайды дейді Кенжетей қажы Байкемелұлы. Бас имамның сөзінше аймақта жағдай тұрақталмайынша облыс көлеміндегі мешіттердің барлығында тарауық, жұма және бес уақыт намаз өткізуге шектеу қойылды. Осы орайда вакцина салу мен коронавирусқа тест алдыру жайына тоқтала кетсек.

Кенжетай қажы Байкемелұлы – «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы:


– Жалпы айтсақ, бұлшық ет арқылы алынатын кез келген витаминдік нәрселерден басқа, ине арқылы салынатын дүниелер оразаны бұзбайды. Сондай-ақ, ауыз бен мұрыннан алынатын тесттер де оразаны бұзбайды.

Ал пітір, фидия немесе зекетті мешітке келіп берем деген жандар болса, қайырымды істі ғимараттың ішіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы жүзеге асыра алады. Сондай-ақ, Kaspi қосымшасы арқылы үйден шықпай-ақ атқаруға болады. Айта кететін жайт, биыл Қасиетті Қадір түнін тұрғындар мамыр айының 8-інен 9-ына қараған түні күте алады.

Бердимурат Баймухан