Спорт

Ел біріншілігінің қола жүлдегерлері Петропавлға оралды

Ел біріншілігінің қола жүлдегерлері үйге оралды. Демалыс күні петропавлдықтар “ESIL-SK” волейбол клубын қарсы алды.

Жерлестеріміз жақында тарихи жетістікке қол жеткізіп, бөркімізді аспанға атқызған болатын. Олар Қазақстан чемпионатында тұңғыш рет үздік үштікке енді. Доданың плей-офф сыны сәуірдің 3-і мен 9-ы күндері аралығында Павлодар қаласында ұйымдастырылды. Керекуде қызылжарлықтар алматылық «Буревестник» ұжымына ұтылды. Осылайша 3-ші және 4-ші орынға таласу мүмкіндігін иеленді. Мұнда біздің жігіттердің “Atyrau” құрамасымен жолдары түйісті. Тартысқа толы бәсекелерде теріскейліктердің айы оңынан туыды. Спортшыларды жетістіктерімен өзінің Facebook парақшасында облыс әкімі Құмар Ақсақалов та құттықтады. Жазбада аймақ басшысы өңірде волейболды дамытуға көп көңіл бөлініп жатқандығын, өлкеде 1 мыңнан аса бала аталған спорт түрімен айналысатындығын баяндаған.

Сергей Костив- “ESIL-SK” ВК капитаны:


– Бізге жанкүйер болғандардың бәріне алғысым шексіз. Сенімді ақтауға тырыстық. Маусым қиын болды. Жарақат алған ойыншыларымыз да бар. Карантиндік шаралар да кері әсерін тигізді. Алайда, қолымыздан келгенше өнерімізді көрсетуге тырыстық.

Алексей Теренин – “ESIL-SK” ВК бас жаттықтырушысы:


– Биылғы чемпионат жанкүйерлер үшін өте қызықты өтті. Командалардың басым бөлігін мықты деуге болады. Көбі қайсысы жеңіске жетеді деп ойлаумен болды. Бар күш-жігерімізді салдық. 3 күннің ішінде 15 партия ойнадық.

Байболат Култанов