Мәдениет

Бейнелеу өнері музейінде “Мұра таңбалары” көрмесі ашылды

Сәуірдің 18-і – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындар күні. Мейрам дүниежүзі бойынша 1984 жылдан бері аталып өтілуде. Атаулы датаға орай облыстық бейнелеу өнері музейінде “Мұра таңбалары” атты көрме қанат жайды. Шарада өңір тарихымен тереңірек танысып, 20-шы ғасырда жасалған фотосуреттерді тамашалауға болады.

Сәулеті көздің жауын алатын көпестер үйі, мешіттер мен әкімшілік ғимараттар. Ілінген фотосуреттерге қарап, 20-шы ғасырдың бірінші жартысындағы Петропавлға оралғандай сезімде боласың. Тарихи нысандардың кейбірі жүз жылға шыдас бермей қираса да басым бөлігі бүгінге дейін жетті. Күн тәртібіне оларды сақтап қана қоймай, қолданысқа енгізу де мәселесі шығарылды. Шаһардағы сауда желілерінің бірі жауапты істі 2019-да қолға алып, жергілікті Шамсутдинов деген көпестің үйін қалыпқа келтіруге кірісті. Кірпіштері құлап, қабырғалары құмдай үгіліп, едені опырылып жатқан нысан адам танымастай өзгерді. 2,5 жылға созылған реставрациялау қазір өз мәресіне жетуде.

Роман Котов, сауда желісінің дамыту жөніндегі директоры:


– Қазір ішкі өңдеу жұмыстары жүргізіліп, коммуникация желілері тартылуда. Ал нысан алдын абаттандырып, Пушкин көшесінен Театральныйға дейін асфальт төсеуді қалалық әкімдік өз мойнына алды. Шаруа ағымдағы жылдың соңында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Сөйтіп, нысанның бірінші қабатын қолданысқа тапсырамыз. Мұнда үлкен супермаркет орналасады.

Қалған екі қабаттағы өңдеу жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Мұнда спорттық-сауықтандыру кешенін ашу көзделген. Айта кету қажет, Шамсутдинов үйінің реставрация жұмыстары толық жеке кәсіпкер есебінен жүргізілді. Көпес баспанасынан бөлек былтыр өңірде тағы 3 тарихи нысан қалыпқа келтірілді. Бюджеттен бөлінген 65 млн теңгеге Абылай хан резиденциясы, теміржолшылар үйі мен Сәбит Мұқановтың музей үйі қалыпқа келтірілді. Биыл аталған шаруа жалғасын тауып, тізімге Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі де енбек.

Рақат Мамбеталинов – СҚО мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша орталығының директоры:


– Биыл облысты дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Маңызды құжатқа енгізілген шаралардың бірі – сәулет нысандарын музеефикациялау. Алдағы 4 жыл ішінде Айыртаудағы Ботай, Уәлиханов ауданындағы Қызыл оба, Шал ақын ауданындағы “Байқара” шіркеу кешені мен Қызылжардағы сақтардың “Ақ-Ирий” мекені толық зерттеліп, музей түрінде жасалады.

Яғни, тарихи нысандарға алдағы уақытта туристер де барып, жергілікті жердің өткенімен таныса алады. Тағы өткен жылы әнші, ақын жерлесіміз Сегіз серінің жерленген жері анықталды. Біртуар тұлғаның мазары Тимирязев ауданына қарасты Докучаев селолық округінде орналасқан екен. Мұны тарихшылар мен зерттеушілер әр түрлі аңыз, хат пен естеліктерде көрсетілген деректерді сәйкестендіріп, тапты. Биыл батырдың басына тас орнатып, қоршау салынбақшы.

Эльмира Садвокасова