Әр түрлі

12 сәуір – Адамзаттың ғарышты бағындырған күні

Сәуірдің 12-сі Юрий Гагарин алғашқы болып ғарышқа сапар жасады. Осыған орай дәл осы күні қаладағы №14 орта мектепке ұлы ғарышкердің есімі берілген болатын. Тарихи оқиғалардың орын алғанына бүгін 60 жыл толып отыр.

Оқу ошағына кірген оқушыларды осындай тосын сый күтіп тұр. Бір қарағанда Юрий Гагарин мен көмекшілері ме деп ойлап қаласың. Жоқ, бұл – 9-шы сыныпта білім алатын шәкірттер. Ұл-қыздар қос мерекеде мектеп ұжымын осылай қуантуды шешкен.

Ал нысанның екінші қабатында көрме қанат жайған. Үстелдің үстіне қойылған дүниелердің барлығын 1-ші мен 5-ші сынып оқушылары әзірлеген екен. Ай мен күн, жер, зымыран, ертегідегі кейіпкерлер. Көз тартар туындылар қағаз бен пластилиннен жасалған. Милана Рындена ғарыштағы кереметтің бәрін бір қораптың ішіне сыйдырыпты.

Милана Рындена – Ю.А.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушысы:


– Ғаламшардың макетін әзірлеуді бұрыннан ойластырып жүрген болатынмын. Мереке қарсаңында ойымды жүзеге асыруды шештім. Туындыны дайындау кезінде маған анам көп көмектесті.

Қолдан жасалған еңбектердің дәл жанына оқушылардың қаламынан туған картиналар ілінген. Тақырып бір болғанымен, туындылар әр түрлі. Балалардың барлығы өз қиялындағы ғарыштықағаз бетіне өзгеше етіп түсіруге тырысыпты. Жас суретшілердің ең кішісі 2-ші сыныпта білім алады. София Иванова жұлдызға толы аспанды және өзінің сүйікті мектебін салған екен.

София Иванова – Ю.А.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің оқушысы:


– Мектебіміздің үстінен ұшып бара жатқан ракетаны да салдым. Себебі, мен оқитын оқу ұясы әлемдегі тұңғыш ғарышкердің атымен аталады. Туындым ұстазым мен сыныптастарыма қатты ұнады.

Шығармашылыққа жаны жақын жастар сабақтан тыс уақытта зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Олар Ойқала ықшам ауданындағы көне нысандардың тарихына тереңірек үңіледі. Осы мектепте білім алған танымал тұлғалардың өткенімен танысады.

Антонина Сачкова – Ю.А.Гагарин атындағы №14 орта мектебінің директоры:


– Бұрын Петропавлдың орталығы осы Ойқала ықшам ауданында болған. Сондықтан, мұнда тарихи маңызы бар ғимараттарды жиі кездестіруге болады. Осы нысандар жас ұрпақтың жадынан өшіріліп қалмасы үшін «Ойқаланың 7 кереметі» атты жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Ұстаздар мен оқушылар бірігіп оқу-әдістемелік құрал жазды. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасын таппақ.

Мектеп ұжымы бұл күнді жылдағы дәстүрге сай аяқтамақ. Оқушылар зымыран құрастырып, оған тілектерін жазады. Мұнда “Кім арманын айқын жазса, мақсатына тез жетеді” деген сенім бар. Оқушылар бүгін ойлаған ойларының орындалатынына кәміл сенеді.

Маржан Касымбек