МТРА жаңалықтары

Ұлы Жеңістің 76 жылдық мерейтойына арналған челлендж

Ардагер Иван Клименко соғысқа 1944 жылы аттанған. Жерлесіміз немістермен бетпе-бет Шығыс Пруссияда кездеседі. Майдан шебіне енді ғана келгенде взвод командирі жоғары жақпен ақылдаспай, өз бетімен 30 адамды арнайы тапсырманы орындауға жіберген. Сол түні жауынгерлер неміс қоршауында қалып қойып, базаға тек 7-уі ғана оралады. Осылайша, Иван Трофимович аз ғана уақыт ішінде туған бауырларына айналған қаруластарынан бір мезетте айырылған.

16 жасында әскерге алынып, 17-де майдан шебіне аттанып, тек 24 жасында елге оралған. Николай Демин 1943 жылы Ұлы Отан соғысына ерікті ретінде барыпты. Өзге жауынгерлер кескілескен шайқастарда фашистермен соғысып жатқанда өзі бер жақта зауыттағы жұмысын жалғастыра алмаған. Николай Иванович та қолына қару алып, өзге солдаттармен туған жерін қорғауға асығыпты.

Николай Демин – Ұлы Отан соғысының ардагері:

– 1944 жылдың сәуірінде біз майдан шебіне аттандық. Бізді Ресейдің Великие Луки қаласына әкелді. Кейін Ржевке жөнелдік. Қалалар енді ғана жау қолынан азат етілген болатын. Көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Бомбалаудан аман қалған бір нысан жоқ. Қабырғалары ғана тұр. Өте қорқынышты көрініс.

Николай Деминнің жасы 95-ке таяп қалса да соғыстың күндері әлі есінде. Қаруластарының есімін де, азат еткен әр қала мен ауыл атауларын да жадында сақтауда. Себебі, отты жылдардағы қанды қырғынды ұмыту мүмкін емес дейді ардагер. Ел болып, халық болып аңсаған жеңіс дәмін жерлесіміз Балтық елдерінде 45-тің 8-ші мамырында сезінді. Сол қуанышты, бақытты сәттен бері, міне, 76 жыл өтті.

Айслу Омарова – И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханасының бөлім жетекшісі:

– Ұлы Жеңіс күні – ең маңызды мерекелердің бірі. Немістермен соғысып, ашық аспан үшін күрескен батырларымызды ешқашан ұмытпаймыз. Ардагерлеріміздің ерлігін дәріптеп, кейінгі буын өкілдеріне айту өте маңызды. Сондықтан, алдағы уақытта кітапхана қабырғасында бірқатар патриоттық шара өткізуді жоспарлап отырмыз.

Шара барысында қалалық ардагерлер кеңесі Ұлы Жеңіс күніне орай бастаған челленджді “Жас Сарбаз” әскери-патриоттық клубына жолдады.

Эльмира Садвокасова