ТЖСу тасқыны

СҚО-дағы су тасқыны жағдайы

Баймұқан Бердімұрат – тілші:

– Солтүстік Қазақстан облысы аумағында тұрғын үйлерді су басу жағдайы, әзірге, тіркелмеді. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша, қазір аймақтағы жағдай тұрақты. Бүгінде құтқарушылар өңірдегі өзен-көлдерге күн-түн демей мониторинг жүргізіп, қызыл судың деңгейін бақылап отырмыз дейді.

Биыл аққайыңдар өлкесіне көктем кеш келгендіктен, тасқынның қаупі де кеш байқалып жатқандай. Статистиканы баян етейік. Мәселен, қазіргі күні Сергеевка су қоймасындағы тіршілік көзінің деңгейі арнасынан асуға 1 метр қалыпты. Ал былтыр осы уақытта су жан-жаққа жайылып кеткен болатын. Дегенмен, мамандар тасқынның алдын алу жұмыстарын әлі де жалғастыруда.

Мұрат Қанғожинов – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

–  Жергілікті атқарушы органдармен бірге түрлі іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Су басу қаупі жоғары аумақтарда инертті материал салынған қаптар дайындап, жерді қарайтудамыз. Осыдан 3 күн бұрын жеке құрамнан құрылған 2 топ Ғабит Мүсірепов пен Айыртау аудандарына жөнелтілді. Олар аталған аудандарда талдарды шауып, арықтарды тазалау жұмыстарын жүргізуде.

Осы орайда облыстың автожолдарындағы су тасқыны жайлы айта кетейік. Қазіргі күні Есіл ауданына қарасты Горное селосының маңындағы дала суы жол үстінен асып жатыр. Облыстық маңызы бар трассада тіркелген тасқынның ені 20 метрді құрайды. Тіршілік көзі жақын маңдағы үйлерге еш қауіп төндірмейді дейді құтқарушылар. Еріген су жол бойындағы құбыр арқылы қарсы бетке ағып кетуде.

 

 

Бердимурат Баймухан