Ерiктiлер

Петропавлда волонтерлерге арналған семинар өтті

Жазда отын жарады, орманды қоқыстан тазалайды, қыста қарттарға жәрдемдесіп, үйлерінің маңын қардан аршиды. Залға жиналған қыз-жігіттердің барлығы қолдары қалт ете қалса, мұқтаж жандарға көмек қолын созады. Игі іс жасаудан жалықпайтын жастардың бірі – Ажара Сыздықова. №25 мектептің оқушысының ерікті атанғанына жарты жылдан асқан. Бұрымды бүгінге дейін талай шаруаны тындыруға ат салысыпты.

Ажара Сыздықова – волонтер:

– Бір күні бір қарт әйелдің үйіне барып, көмектестік. Ол кісі бізді тамақтандырып, алғысын айтты. Өте керемет болды. Адамдарға риясыз көмек жасауды үйрендім. Жазда сенбіліктерге барамыз. Мұның барлығы менің дамуыма қажет.

Басқосуда әр жас өз ойын білдірді. Мәселен, Ажара қаладағы мыңнан астам еріктінің қатарын 2 есеге көбейткісі келетіндігін жеткізді. Ол үшін белсенді жастардың жұмысын видеоға түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеу қажет. “Сонда оны өзге қыз-жігіттер көріп, қызығушылық танытады”,- дейді мектеп оқушысы. Еріктілердің күші аса қажет. Адам саны аз болғандықтан биылғы маусымда қар тазалау жұмыстары біраз қиындық туғызыпты.

Даяна Оспанова – «JE SKO» штабы» ҚБ төрағасының орынбасары:

–  Негізгі мақсатымыз – еріктілердің сауаттылығын арттыру. Қызметімізді насихаттау. Бұрын онлайн форматта өткіздік. Ал қазір осылай жүздесіп отырмыз.

Жиын соңында шараға қатысқандардың барлығына арнайы сертификаттар табыс етілді.

 

 

Маржан Касымбек