МТРА жаңалықтары

Қала көшелеріне биыл алғаш рет көпжылдық гүлдер егіледі

Қаладағы «Коммунхоз» кәсіпорнының жылыжайында гүлдердің түр-түрі өсіп тұр. Олар мұнда қаңтар айының соңында отырғызылыпты. Өсімдіктердің әрқайсысы ерекше күтімді қажет етеді. 15 қызметкер күн сайын көкті күтіп-баптап, тыңайтқыштармен қоректендіреді.

Елена Широкорядова – «Коммунхоз» ЖШС көгалдандырушы технигі:

– Жылыжайда өсімдіктер үшін арнайы қолайлы температура қарастырылған. Мәселен, гүлдер өскін күйінде болғанда мұнда ауа температурасы 20-21 градус шамасында болуы керек. Ал далаға шығаратын уақытта сынап бағанасын 10-8 градусқа дейін түсіреміз. Бұл олардың қоршаған ортаға тез бейімделіп кетуіне септеседі.

Шафран, петуния, циненария. Жалпы, «Коммунхоз» кәсіпорнының жылыжайында гүлдердің 10-ға жуық түрі бар. Айта кеткен жөн, биыл мамандар көпжылдық өсімдіктерді алғаш рет отырғызыпты. Олар – гайлардия, герань, алиссум тұқымдастары. Мамандардың айтуынша, өскіндерді суарғанда да мұқият болу керек.

Алтынай Қазиқан – тілші:

–  Жылыжайдағы өсімдіктер үшін ылғалдың тым көп немесе аз болуы олардың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол себепті, мамандар гүлдерді ауа райына байланысты суарады. Мәселен, шуақты күні оларға 2 рет су құйылады. Ал бұлтты күні өсімдіктер бір-ақ рет суарылады.

Елена Широкорядова – «Коммунхоз» ЖШС көгалдандырушы технигі:

– Жылыжайда 250 мың өсімдік бар. Оның басым бөлігі – шафран, сальвия, петуния тұқымдастары. Гүлдерді көше бойы мен саябақтарға 9-шы мамырға қарай еге бастаймыз. Биыл да істі әдеттегідей Жеңіс саябағынан бастамақшымыз.

Жалпы, мамандар қаламыздың сәнін келтіру үшін арнайы ашық түсті гүлдерді таңдапты.

 

Алтынай Қазиқан