Ерiктiлер

Еріктілер 66 жастағы қарияға көмек көрсетті

Зейнеткер жалғыз өзі тұрады. Оның үстіне осыдан 2 жыл бұрын нәзікжандының аяғына зақым келіпті. Ал балалары болса Ресейде тұрады. Сондықтан, жерлесімізге еріктілерден басқа көмек қолын созатын жан жоқ.

Людмила Климович – қала тұрғыны:

– Мен 66 жастамын. Ауладағы ақ ұлпаны өз бетімше тазалауға әлім келмейді. Соңғы 2 жылда даланың жұмыстарын атқару мен үшін қиындық туғызады. Биыл қар да өте көп жауды. Сол себепті, еріктілерді көмекке шақырып отырмын. Белсенді жастар менің үйіме алғаш рет келіп тұрған жоқ. Әрдайым көмектесіп кетеді.

Бүгін қарияның ауласын қардан тазартуға 10 волонтер келіп отыр. Ұлдар айналаны ақ ұлпадан аршыса, ал Марина Першуткина баспана иесіне үй шаруасына көмектесті.

Марина Першуткина – волонтер:

– Менің қазір бос уақытым көп. Оны тиімді өткізу үшін айналамдағы жандарға көмектесу мақсатымен ерікті болуды жөн көрдім. Ал Людмила Николаевнамен волонтерлік шарада танысқан болатынмыз. Бүгін оның үйіне көмекке алғаш рет келіп отырмын. Алдағы уақытта да баспана иесіне үй шаруасына жәрдемдесетін боламын.

Жыл басынан бері жанашыр жандар облыс бойынша 600-ге жуық ауланы қардан тазалаған.

 

Алтынай Қазиқан