Экология

Экология саласында атқарылатын шаруа сөз болды

Былтыр СҚО-дағы экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі жол картасы әзірленді. Аймақ басшысымен мақұлданып, министрмен бекітілген құжат 2020-2025 жылдар аралығын қамтиды. Оның аясында ауқымды жұмыс атқару көзделген. Бүгінге дейін біраз шаруаның басы қайрылған. Тындырылғын істің кейбірі “Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесінде өткен жиын барысында тілге тиек етілді.

Әділбек Әубәкіров – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Өткен жылы облысымызда сабанмен жағылатын 15 биоқазандық орнатылды. Биыл 7-еуін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, қазіргі таңда өңір бойынша осындай 118 қазандық жұмыс істеп тұр. Одан көп қалдық қалмайды әрі көмірге қарағанда бөлінетін зиянды заттар 6-7 есеге аз. Заман игілігі экономикалық тұрғыда да өте тиімді. 79 бюджеттік нысанды баламалы әдіспен жылытуға көшіргендіктен қара отынды сатып алуға жұмсалатын 240 млн теңгеден астам қаражат үнемделген.

Жоспарға кеңінен тоқталайық. Айыртау ауданында жел электр станциясын салу көзделіп отыр. Жалпы қуатталығы 50 МВт құрайтын заманауи нысан 2023-де қолданысқа берілмек. Нәтижесінде айыртаулықтардан бөлек, өңірдің өзге де тұрғындары оның игілігін көретін болады. Қазақ “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” дейді. Өңірімізде көшет егу жұмыстары да қарқын алмақ. Мәселен, биыл 850 гектарға ағаш отырғызылмақшы. Қоқыс алаңдарында да қызу шаруа басталады. Алдағы уақытта 8 ауданда қалдықтарды іріктейтін желілер тұрғызылмақ. Былтыр жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қаржы бөлініпті.

Бейбіт Исманов – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Өткен жылы 46 млн теңге бөлінді. Жобалар биыл мемлекеттік сараптамадан өтеді. Кейін, құрылыс жүргізуге ақша сұраймыз.

Ал құрылыс жүргізуге қажетті соманың көлемі 7 млрд теңгеден аспақ. Бұл желілер аса маңызды дейді мамандар. Олар қалдықтардың қайта өңдеуге жарамдысын – өңдеуші кәсіпорынға, жарамсызын арнайы аумаққа жібермек. Біріншісімен қоса, екіншісінің де пайдасы зор. Себебі, заң бойынша қоқыс алаңында жанатын заттар ғана өрттелуі тиіс екен. Талап орындалмаса, ауаға зиянды қалдықтар тарайды, маңайды түтін басады. Ал ашық жатқан уран кен орындарының жайы не болмақ?

Жасұлан Садуев – СҚО бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы:

– Уран кен орындарының барлығы жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіне алынды. Ендігі мәселе қаржыға келіп тіреліп тұр. Ақша бөлінсе, тиісті жұмыстар басталып, аумақтар қайта қалыпқа келтірілмек.

Сонымен қатар, жол картасы аясында аудандарда кәріз желілері салынбақ және табиғат байлықтарын заңсыз иемденуге жол бермеу мақсатында рейдтер ұйымдастырылады.

Байболат Бектемірұлы