Құрылыс

Өңірде 5 жылда 16 жаңа мектеп салынады

Аграрлық өнеркәсіп, денсаулық сақтау, туризм, білім және спорт. Өңірді дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, аталған салаларды дамыту үшін алдағы 5 жыл ішінде қыруар қаржы бөлінеді. Яғни, 1,8 трлн теңге. Бұл қаражаттың бір бөлігіне 2,3 млн шаршы метр баспана салу көзделіп отыр. Оның 500 мыңы әлеуметтік топтарға арналған. Бұл шаруаны атқаруда жергілікті мердігерлерге үлкен сенім артылып отыр.

Сергей Тимофеев – «Основание» ЖШС директоры:

– Жыл сайын өңірге шамамен 100 млрд теңгеден құйылып отырады. Белгілі бір бөлігі құрылысқа жұмсалады. Қазір жергілікті мердігерлердің алдағы 5 жылдық жұмыс жоспары әзірленіп жатыр.

20 жыл бұрын құрылған «Основание» серіктестігі соңғы 5 жылда 100-ге жуық нысан салған. Кәсіпорын басшысы Сергей Тимофеев құрылысшылар жылда тап болатын мәселеге де тоқталып өтті. Кадр тапшылығынан кейде нысанды уақытында тапсыру қиынға соғады дейді. Бұл мәселе рет-ретімен шешімін тауып жатқан көрінеді. Компания каладағы кей колледжермен келісім-шартқа отырған. Студенттер оқуды аяқтаған соң екі қолға бір күректі осы жерден табады. Мәселен, биыл 100-ден астам жас маман тартылмақ.

Сергей Тимофеев – «Основание» ЖШС директоры:

– Кадр мәселесі шешілгенімен, қала маңында құм алатын жер жоқ. Барлығы алыс аудандарда орналасқан. Оны әкелеміз дегенше біраз уақыт жоғалтамыз. 1-2 айда мұның жолын табу керек. Әйтпесе, күн жылыса жаңа нысандардың құрылыс жұмыстары басталып, екі аяғымыз бір етікке тығылуы мүмкін.

“Основание” серіктестігін кірпішпен көкшетаулық зауыт қамтамасыз етіп келген. Бірақ, биыл кірпішке сұраныс артқандықтан көрші облыстағы кәсіпорын құрылыс материалын беруден бас тартып отырған көрінеді. Амал жоқ, қашықтан – Нұр-Сұлтаннан немесе Ресей қалаларынан жеткізуге тура келеді дейді.
Сергей Тимофеевтің айтуынша Подгорное селосының маңында салынып жатқан кірпіш зауыты биыл ашылса біраз мәселе шешімін таппақ.

Сондай-ақ, өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында 5 жылда 16 жаңа мектеп бой көтереді, 400-ден астам білім ұясын қайта жаңғыртылады. Сауда орындары мен медициналық мекемелер де салынады. Әлеуметтік нысандардың құрылысына “Основание” кәсіпорны да белсенді ат салыспақ.

 

Маржан Қасымбек