МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Көпті толғандырған жер мәселесінің нүктесі қойылды

Ералы Тоғжанов – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Заң жобасының бірінші оқылымы Мәжілісте 7 сәуір күні өтеді. Бұны айтып отырған себебім, өздеріңізге белгілі, көпшілік арасында, әсіресе, әлеуметтік желілерде әлі де жекелеген түсініспеушіліктер кездесуде. Әдейі қауесет тарататындар да жоқ емес. Сондықтан, тағы бір нақтылап айтамын, жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданды.

Осылайша күн тәртібіндегі басты сұрақтың нүктесі қойылды. Бірақ, жерге қатысты бұдан басқа да өзекті мәселелер бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы мақсатындағы учаскелерді жалға бергенде аумағына назар аудару қажет. Яғни, үлкен көлемде үлестірмей, ең жоғарғы шекті мөлшерін бекіткен абзал. Әрі жерді пайдалану мен қорғау функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігіне жататын бейінді комитетке қайтару да қарастырылды.

Бақытжан Бекіш – СҚО жер инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– 2018 жылы қабылданған заң жобасына сәйкес жердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау функциялары аудан әкімдігіне жүктелді. Енді жүйені орталық-облыс-аудан принципі бойынша өзгерту енгізілмек. Яғни, учаскені үлестірумен жергілікті атқарушы билік, ал бақылаумен Жер ресурстарын басқару комитеті өзі айналысатын болады.

Тағы жауапсыз аграрийлерден алқаптар мен жайылымдарды қайтарып алу процесіне де өзгеріс енгізу қажет болып отыр. Бүгінде жермен жұмыс істей алмайтындарға олқылықты түзеу үшін 3 жыл уақыт беріледі. Өзгеріс орын алмаған жағдайда әр 12 ай сайын ескерту жарияланып, мерзім аяқталғаннан кейін кәсіпкерден учаске тартып алынады.

Бақытжан Бекіш – СҚО жер инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:

– СҚО бойынша 2015-2020 жылдар аралығында аграрийлерден бос жатқан 630 мың гектар алқап және 1,2 млн гектар жайылым тартып алынды. Бүгінге дейін мал бағуға арналған учаскенің 1 млн гектарға жуығы жауапты фермерлерге үлестірілді. Қалғаны бойынша жұмыс жалғасуда.

Аграрий жермен жұмыс істеуде жауапты ма әлде жауапсыз ба – ол бірден байқалады дейді мамандар. Сол себепті, мүмкіндік мерзімін 3 жылдан 1 жылға дейін қысқарту көзделген. Жер реформасы бойынша ұсыныстар әлі де түсіп жатыр. Комиссия әр аптаның сенбісінде жиналып, барлық сауалдарды жан-жақты қарастыратын болады.

 

 

 

Эльмира Садвокасова