Денсаулық сақтау

7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні

Карантиндік шектеулер мен уайымға салатын жалған хабарламалар. Коронавирус пайда болғалы бері қоғамда күйзеліске ұшырау жиілеген. Одан қалай арылуға болады және сарыуайымға түспес үшін қандай қағиданы ұстану қажет? Бүгін -Дүниежүзілік денсаулық күні / жергілікті психолог мамандар жиын өткізіп, осы тақырып аясында әңгіме қозғады.

 

Елімізде коронавирус анықталып, масканың күндегі тірліктің ажырамас бөлшегіне айналғанына 1 жылдан асты. Бастапқыда бәрімізге қиын болғаны жасырын емес. Күтпеген жерден жұмыстан айырылып қалу, карантинге ілігіп, 14 күн бойы үйден шықпау, жұмыс пен сабақтың онлайн өтуі және бұдан басқа толып жатқан шектеу шаралары. Мұның бәрі адамның жүйкесіне кері әсерін тигізуі мүмкін. Бұл болжамды жергілікті жоғары оқу орнының мамандары растап отыр.

Павел Моисеев – М.Қозыбаев атындағы СҚУ психологиялық қызмет жетекшісі:

 

– Университте қашықтықтан жұмыс істеу барысын бақыладық. Бастапқыда оқытушыларға да, студенттерге де қиын болды. Тақырыпты дұрыс түсінбей қалса бір-бірімен жүздесіп талқылай алмайды. Бұған қос тарап та алаңдап, күйзеліске түсе бастады. Оның үстіне өзге де шектеу шаралары қосылып, басым бөлігі тез ашуланатын болып қалды.

Әлеуметтік желіде де жалған ақпарат көбейді. Өткен жылы ватсапта «вертолетпен дәрі шашылады» деген хабарлама тарап, жұрттың қызу талқысына түскен болатын. Тағы бірінде сарымсақты шайнамай жұтса инфекция жұқпайды делінген. Белгісіз адам дәл 8-ші наурыз қарсаңында қызғалдақтан індет тарайды деп жазған еді. Ақыр соңында медицина қызметкерлері бұның да шындыққа жанаспайтындығын дәлелдеді. Ал соңғы кездері масканың ішінде құрт бар екендігі айтылып жүр. Оны көрген жұртшылық тіпті үрейленіп, әбігерге салынуда. Мамандар оның да жалған екендігін мәлімдеді. Матадағы қара нәрсе паразит не басқасы емес, жай ғана ішіндегі жіптері болып шықты.

Любовь Богданова – №1 қалалық емханасы бастапқы психикалық денсаулық орталығының психологы:

 

– Адамдар осының бәрін көріп алады да сосын сары уайымға салынып жүреді. Ішіндегісін біз тұрмақ, жақындарына да айтпайтындар бар. Қатты күйзелістің салдарынан адам ауруға шалдығуы мүмкін. Иммунитеті төмендеп, індетті расымен де тез жұқтырып алады.

Мұндай жағдайды болдырмау үшін не істеу қажет? Жергілікті психологтар тұрғындарға жақындары немесе мамандармен жиі тілдесіп тұруды ұсынады. Ақпараттың бәріне сене берген де дұрыс емес. Ең алдымен келген мәліметтің шынайылығына көз жеткізу қажет.

Маржан Қасымбек