Аптадағы маңызды жаңалықтар

Агросекторда өндірілетін өнім көлемі 1,2 трлн теңгеге дейін жетеді

Алдағы 5 жылда агросекторда өндірілетін өнім көлемі 1,2 трлн теңгеге дейін жетеді. Ал еңбек өнімділігі 2 жарым есеге ұлғайып, 1600 жұмыс орны құрылады. Жақында ғана қабылданған өңірімізді дамытудың кешенді жоспарында дәл осылай жазылған. Жалпыға ортақ мақсатқа қол жеткізу үшін Үкімет қолдауын пайдаланып бүгіннен тынбай тер төгу қажет. Облысымыздың танымал диқаны Еркебұлан Мамбетов осындай пікір білдіруде.

 

Байболат Бектемірұлы:


– Өткен жылы аққайыңдар өлкесінде жалпы құны 779 млрд теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Осылайша облысымыз өңірлер арасында екінші орынға табан тіреді. Ал агросекторға құйылған инвестициялар көлемі бойынша теріскей көш басына шықты. Көрсеткіш алдағы уақытта артады. Бұған аймағымызды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары септеспек.

Сонымен, облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында дәл ауыл шаруашылығы саласында не атқарылады? Наурыздың 30 күні елорда төрінде өткен Үкімет отырысында ведомсто басшысы Сапархан Омаров сөз алды. Министр шаш етектен келетін шаруаның барлығын жіпке тізді.

Сапархан Омаров – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 17 іс-шара көзделген, оның ішіндегі 10 іс-шара – ірі инвестициялық жобалар. Алдағы бес жылда жалпы қуаты 29,8 мың бас болатын 52 тауарлық сүт фермасын, 3 бордақылау алаңын, 2 құс фабрикасын, құрамажем зауытын, жылыжай кешенін, май сығымдау және май экстракциялық зауыттарын, сондай-ақ жартылай дайын өнімдер шығаратын зауыт салу жоспарлануда. Сонымен қатар, шошқа кешені мен сүт зауытын кеңейту көзделіп отыр.

Бұл – жоспардың бір бөлігі ғана. Стратегиялық маңызды құжатта машина-трактор паркін жаңарту жайлы да айтылады. 2025 жылға қарай өлкеміздегі ескірген техниканы жаңасына ауыстыру деңгейін 6%-ға дейін жеткізу көзделген. Бүгінде өңір диқандары аталған бағытта жұмыс істеп жатыр. Мәселен, «Мамбетов и К» командиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мамбетов жылда қаржы құйып, су жаңа көліктер мен агрегаттар сатып алады.

Еркебұлан Мамбетов – «Мамбетов и К» КС бас директоры:

– Биыл машина-трактор паркін жаңартуға өз қалтамыздан 1,5 млн теңге бөлеміз. Алдағы егіс науқанында танаптарымызда су жаңа себу кешені жүйткімек. Агрегаттар да сатып алдық. Мұның барлығы ісімізді жеңілдетеді. Ал Үкімет тарапынан көрсетілетін алдағы қолдау жұмысымыздың одан әрі алға басуына септеспек.

Бүгінде Еркебұлан ағамыз басқаратын серіктестікте заманауи сүт-тауарлық ферма бар. Қазір ол жерде 1300 бас ірі қара бағылуда. Зеңгі баба төлдерінен түсетін табыс көл-көсір. Ақша кәсіпорынның дамуына, өнім көлемін арттыруға септеуде. 46 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлықтары 160 мың теңгені құрайды. Іскер жан халықты көптеп екі қолға бір күрекпен қамтысақ, адамдардың облыстан көшуін азайтамыз дейді.

Еркебұлан Мамбетов – «Мамбетов и К» КС бас директоры:

– Біздің ортақ міндетіміз – өңір бойынша теріс сальдоны жою. Осы ретте Үкімет үлкен көмек көрсетпекші. Мысалы, жұмысшы ауылда үй салса, жалпы шығынның жартысына жуығы субсидияланатын болады. Ісімізде цифрлық технологияларды да көптеп қолдану қажет. Себебі, жас мамандарды, қарапайым қызметкерлерді заман игіліктері қызықтырады. Осылайша жастарды ауылды жерде ұстап қаламыз деп ойлаймын.

Кешенді жоспарды іске асыру облыста майлы дақылдар ауқымын 1 млн га дейін, сүт өндірісін 1 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Тағы, майлы дақылдарды өңдеу үлесін – 30%, сүт өңдеу кәсіпорындарын жүктемесін – 92%, ал ет өңдеу кәсіпорындарыныкін 50%-ға дейін ұлғайтпақ. Атқарылатын шаруаның нәтижесінде өндірілетін өнім көлемі 1,2 трлн теңгеге дейін жетеді, еңбек өнімділігі 2,5 есеге ұлғайып, 1,6 мың жұмыс орны құрылады.