Петропавлда су сору жұмыстары жүріп жатыр

Су тасқыны

20:42 6 Сәуір 2021

Сәуір болып, тәуір болғалы бері Петропавлда су сору жұмыстары қарқын алды. Бұл іске “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш” кәсіпорнының 5 бригадасы мен 15 техникасы тартылған. Мамандар 1 тәулік ішінде 130-ға тарта шақырту қабылдап, тұрғындарға көмек көрсетеді.

Жұмысшы кенті Парижская коммуна көшесі, 129 мекен-жайы. Көктем келіп, қар ерігелі бері баспана алдына топан су жиналған.

Бүгін жан-жаққа жайылған суды жауапты мекеме өкілдері арнайы көлікпен сорып әкетпек.

Мамандарды үйдің отанасы Валентина Филиппова шақыртыпты. Азаматша бұған дейін де жауапты жандарға хабарласқан екен. Айтуынша, әр шақыртуын қызметкерлер қабылдап, қолғабыс етеді.

Валентина Филиппова – қала тұрғыны:


–  Көктем келе салысымен үйдің маңына еріген қар суы жинала бастады. Өткен жылы бұлай болмаған еді. Биыл ауламызды кәдімгідей топан су басты. Сол себепті, бірнеше рет тиісті көмекке жүгіндім. Күн-түн демей қызметкерлер келіп, көмектеседі. Алғысымды білдіремін.

Көктем келгелі бері шаһардағы “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш” кәсіпорнында жұмыс қыза түскен. Шаруаға басшылық тыңғылықты әзірленіпті. Олар маусым алдында арнайы техника санын 10%-ға арттырған екен. Қазір қала бойынша 5 бригада мен 15 көлік жұмыс істеуде.

Денис Маршалов – “Тазартқыш, су таратқыш және су өткізгіш” МКК бөлім басшысы:


– Шақырту бойынша жұмыс жасаймыз. Күніне 130-ға жуық қоңырау түседі. Барлығына бірдей көмек көрсетуге тырысамыз. Негізінен, өтінімдердің басым бөлігі Береке ауданы мен Жұмысшы кентінің тұрғындарынан қабылданады. Жұмысымыз су сорумен ғана шектелмейді, арықтарды да тазартамыз. Тындыратын шаруаның барлығы тегін жасалады.

Көмекке кез келген қала тұрғыны жүгіне алады. Ол үшін 109 немесе 39-64-16 телефон нөміріне хабарласу қажет.

Алдияр Айтпаев

Бұдан әрі оқыңыз

Шал ақын ауданындағы 3 ауылды су басуы мүмкін
Өзен-көлдердегі су деңгейі көтеріледі деп күтілуде
СҚО-да су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде
Сәуірдің 5-ші жұлдызынан өңірде қар күрт ери бастайды
СҚО-дағы су тасқыны жағдайы
СҚО-да су тасқынының алдын алу жұмыстары жүргізілуде
Ақмола облысынан судың алғашқы толқыны келе жатыр
Топырақтағы тоңның жібу барысы
СҚО ТЖД техника паркі тасқынға дайын
Екі ауданға құтқарушылар мен арнайы техника жөнелтілді
ЕС-164/3 мекемесінде су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды