Кәсіптен нәсіп тауып отырған жандар

Ауыл шаруашылығы

20:49 6 Сәуір 2021

Өңірімізде мемлекет тарапынан ақшалай көмек алып, кәсібін домалатып отырған жандардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалы өткен жылы 3 млрд 8 млн теңгеге 767 жобаны қаржыландырған. Мамандардың айтуынша, теріскейліктер несиені көбінесе мал шаруашылығымен айналысуға рәсімдейді екен.

Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның – көл-көсір. Ежелден бері қой шаруашылығы қазақ халқының ата кәсібінің бірі болып табылады. Өзгелерге қарағанда төрт түліктің бұл түрін бағу аса қиын емес. Себебі, «Шопан ата төлі суыққа төзімді әрі оны күту де оңай»,- дейді Тайынша ауданына қарасты Чермошнянка селосының тұрғыны Ермек Жүнісов. Жерлесіміз былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 3 млн теңге несие рәсімдеп, оған 60-қа жуық үй жануарын сатып алған. Оның 10-ы – гиссар тұқымды, ал қалғаны – қарапайым қазақы тұяқтылар.
Бүгінде 53 жастағы ағамыздың 120-дан астам қойы бар.

Ермек Жүнісов – «Ермек» ЖК директоры,Тайынша ауданы:


– Қойды бағу оңай. Сатсаңыз – ақша, жесеңіз – тамақ. Қазір жақсы қоздап жатыр. Пайдасы мол. 6 жылға кредит алдық. 6 ай сайын 350 мыңнан төлеп отырамыз. Ауылда өскен қазақ баласымыз ғой. Қойға өте жақынбыз. Сол себепті, қой сатып алдық.

Іскер жан тұяқтыларды жемге қойып, арнайы семіртеді екен. Кейін, жергілікті саудагерлерге сатады. Осылайша Ермек Жүнісов кәсіптен нәсіп тауып отыр әрі бизнесін жылдан-жылға дамытуда. Мемлекет тарапынан қаржылай қолдау алып, іске білек сыбана кіріскен кәсіпкерлердің тағы бірі – Евгений Дмитриев. Тайынша қаласының тұрғыны 2015 жылдан бері бөдене өсірумен айналысып келеді. 33 жастағы жерлесіміз құстың бұл түрін бекерден-бекер таңдамаған. Қанаттының жұмыртқасы адам денсаулығына өте пайдалы, еті де деликатес саналады.

Евгений Дмитриев – «Дмитриев Е.В» ЖК директоры, Тайынша ауданы:

– Кәсібімізді 1 шелек жұмыртқадан бастадық. Оны Қарағанды қаласынан әкеліп, арнайы құрылғыға салдық. Осылайша балапан алдық. Содан кейін «Бастау» жобасы бойынша курстан өттім. Онда бізге бизнесімізді дамыту үшін қайтарымсыз 3 млн теңге грант берді. Қаражатқа 6 мыңға жуық құс сыятын орын салдым.

Евгений Дмитриев өндіретін бөдене жұмыртқасы мен еті бүгінде зор сұранысқа ие. Ол өнімдерді Петропавлдан бөлек, Көкшетау, Нұр-Сұлтан қалаларындағы сауда орталықтарына жөнелтеді.

Жұмысын одан әрі жандандыру үшін Евгений Дмитриев 2019 жылы «Игілік» бағдарламасы бойынша тағы 3 млн теңге несие рәсімдеген. Нәтижесінде тұмсықтылардың саны артыпты. Қазіргі күні жас кәсіпкердің иелігінде 3 мыңға жуық бөдене бар. Алдағы уақытта тайыншалық азамат құстарын 6 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

Евгений Дмитриев – «Дмитриев Е.В» ЖК директоры, Тайынша ауданы:

– Қазір біз құстардан күніне 2 мыңға жуық жұмыртқа аламыз. Бұл көрсеткішті 3 жарымға жеткізсек пе деп отырмыз. Жұмыртқаның бір данасын 23 теңгеден сатамыз. Ал бөденелерді күніне 3 рет арнайы құрама жеммен қоректендіреміз. Оны Көкшетау қаласынан алып келеміз.

Өңірімізде мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көріп, кәсібін домалатып отырған жандардың қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 3,8 млрд теңгеге 767 жобаны қаржыландырған.

Елнұр Сыздықов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ несие бөлімінің несиелік менеджері:

 

– 2021 жылғы жоспар бойынша 3 млрд теңге ақша бөлінді. Соның 1,7 млр-ды «Еңбек» бағдарламасы бойынша. Ал Петропавл қаласына 587 млн теңге бөлініп отыр. Бұл ақшаларды несиелендіру наурыз, мамыр айына жоспарланды.

Мамандардың айтуынша, солтүстікқазақстандықтар несиені көбінесе мал шаруашылығымен айналысуға алады.

Алтынай Казиканова

Бұдан әрі оқыңыз

Тимирязев ауданында ірі қара құтыру ауруына шалдықты
Өнімді картоп өсірудің жаңа әдісі
Өңірде малдарды көктемгі вакциналау науқаны жүргізілуде
Биылғы егіс науқаны жылдағы мерзіміне сай өткізіледі