Әр түрлі

Қаланы көркейту жұмыстары жүргізілуде

Сәуірдің 1-інен бастап облыс орталығындағы саябақтарда орындықтар мен жарықшамдарды бояу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда мамандар мұндай шаруаны Тұңғыш Президент саябағы аумағында атқаруда. Іске 10-ға жуық адам мен 5 техника тартылыпты. Демалыс алаңындағы орындықтарды жұмысшылар таңертең сырласа, бүгінгідей ауа райында кешке дейін кеуіп қалады екен. Тұрғындарға сыр жағылғандығы туралы ескерту үшін арнайы жазба да қалдырылған. Бұдан бөлек, қызметкерлер қажетсіз заттарды тастауға арналған қоқыс ыдыстарын да қалыпқа келтіруде. Айта кеткен жөн, қазір саябақтардағы орындықтар мен өзге де дүниелерді қиратып, сындыру фактілері бұрынғыдан әлдеқайда азайған. Бұны мамандар өткен жылы орнатылған бейнебақылау камераларымен байланыстырып отыр.

Владимир Бацанов – “Апаттық қызмет” ӨК директорының орынбасары:

– Жоспар бойынша алдағы уақытта Жеңіс саябағында да жаңарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қаланы көркейту шаралары жаз бойы жалғасатын болады. Осы ретте тұрғындарға демалыс орындарында өздерін ұқыпты ұстап, немқұрайлық танытпауға шақырғым келеді.

 Алтынай Казиканова