Су тасқыны

ЕС-164/3 мекемесінде су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды

ЕС-164/3 мекемесінде су тасқынының алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі күні құтқарушылар шаруаны колонияда жазасын өтеп жатқан жандармен бірлесе атқаруда. Бүгінде олар ғимараттардың іргесін инертті материал салынған қаптармен нығайтып, арнайы құрылғылардың жұмысын сынақтан өткізуде.

2017 жылы ЕС-164/3 колониясын су басқан еді. Бұл жағдай биыл қайталанбас үшін қазір мекеме басшылығы алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іске құтқарушылармен бірге жазасын өтеушілер де тартылған. Алдымен олар тасқын кезінде қолданылатын техниканың қызметке жарамдылығын тексеріп алады. Су сорғыш мотопомпаларды қосып, көліктердің жағдайымен танысады. Қайықтардың да бүтін екеніне көз жеткізеді. Барлығы қатаң тексерістен өткен соң мамандар ғимараттардың іргесін нығайтады.

Александр Кочкин – СҚО бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары:


– Инертті материалдан арнайы қаптар дайындалды. Олардың көмегімен мекеменің аумағында жасанды бөгет көтереміз. Сондай-ақ, қазіргі күні медициналық препараттар әкелініп жатыр. Егер топан су келіп жатса, ғимарат 1 айға дейін оқшауланып қалуы мүмкін. Сондықтан, дайындық шараларын күшейткен дұрыс.

Қазір мұнда су сорғыш және өрт сөндіргіш техникалар да дайын тұр. Көліктер мекемеге жақын орналасқан тұрғындар үшін де қажет. Себебі, аумақты су басса, бұл маңға қаладан келген көліктер кіре алмай қалады екен. Машиналар осында қауіпті маусым аяқталғанша дейін тұрмақ. Одан бөлек, ғимаратқа жақын жерде азық-түлік сақтау қоймасы да бар. Бүгінде нысанға тұрмысқа қажетті тауарлардың барлығы жеткізіліп қойылған.

Самат Рахметов – ЕС-164/3 мекемесі бастығының орынбасары:


–  Бізде шамамен 2 айға жететін азық-түлік қоры бар. Олар: 8 түрлі жарма, макарон, сүт, ет пен балық өнімдері. Сонымен қатар, жеке гигиеналық заттар мен киім-кешек бар. Дизельдік отын мен көкөністі де жеткілікті мөлшерде сатып алдық.

Су тасқыны орын алса мекеме қоғамнан түгел оқшауланып қалады. Ал жазасын өтеп жатқан адамдармен туыстары онлайн байланыс арқылы тілдесе алмақ.

 Бердимурат Баймухан