МТРА жаңалықтары

Тәуелсіздік жылдары: ауыл шаруашылығы

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өндіріс тоқтап қалды. Халықты асырайды деген бар үміт ауыл шаруашылығына артылды. «Бірақ, аграрлы сектордың да ахуалы мәз емес еді»,- дейді Құдайберген Қалиев. Бидайдың құны жоқ, алайда білдей бір облыстың тұрғындары сол бағасы ап-арзан астыққа қарап қалды. Құдайберген Қалиұлы 1992 мен 2002 жылдары сол кездегі облыс әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Құдайберген Қалиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Дизель отыны жоқ, ақша жоқ, саймандар жоқ. Осы проблемаларды шешу керек болатын. Ол кезде әлі совхоздардың өз қорлары болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы егін егу науқанын ел болып, халық болып өткіздік. Диқандар шаруаны ойдағыдай атқарып, 4 млн гектар жерге дәнді дақыл екті. Бірақ, көп күттірмей жағдай одан әрі ушықты. Қазақстандағы барлық колхоз-совхоз атаулы тарап, оның орнына серіктестік немесе шаруа қожалықтарын құру қажет болды. Яғни, жер кәсіпкерлерге беріліп, барлық жауапкершілік соларға жүктелді. Көбісі жаңа жүйеде қалай жұмыс істеу керектігін білмей дал болды. Жылдан-жылға егін егіп, оны ору қиындай түсті.

Құдайберген Қалиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Күніне 2 ауданға барып, барлық серіктестіктері мен қожалықтарын араладым. Аралап болғаннан кейін облыстағы жағдай бізге белгілі болды. Тұқым 30-35 пайызға жетпейді. Сепкіштер былай тұрсын, тракторлардың өзі тек 80-85 пайызға дайын тұр.

Көктемгі егістік науқанының жүргізілуі жарты жолда қалуы мүмкін. Жағдайды түсінген жергілікті билік өкілдері аграрийлерге көмекке келіп, дизельдік отынды да, тұқымды да тапты, диқандарды қамтыды. Осылайша, солтүстікқазақстандықтар тағы бір қиын кезеңді еңсере білді. Көбеймесе, азаймайтын проблемалардан ағайын әбден мезі болды, бірақ еңселерін түсірмеді. Шыдамшылық танытып, әлі-ақ аяғымызға тұрып кетеміз деген болашаққа жарқын сенімділікті Елбасы Н.Назарбаев ұялата білді. Тұңғыш Президент жылына екі мәрте облысқа жұмыс сапарымен келіп, механизатор және серіктестік басшыларымен кездесті.

Құдайберген Қалиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Біз шыдауымыз керек. Барлық дамыған мемлекеттер бұндай қиындықтардан өтті деп айтып, бізге рух беретін, қанаттандыратын.

Ауыл шаруашылығында еңбектенген жандар үшін тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылы белгісіздікке толы болды. Бірақ, аграрлы сектор үшін қиын кезеңмен бірге жарқын сәттер де болды. 1997 жылы өңірге алғаш рет Түркиядан инвесторлар келіп, макарон зауытын салуға ниет білдірді. Жобаны жүзеге асырудада қиыншылықтар кездесті, бірақ нәтижесі екі тарап үшін де оң болды.

Құдайберген Қалиев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Бүкіл Қазақстан бойынша шетелдік инвестицияға салынған ең бірінші жоба біздің облыста болды. Осылайша өңіріміз жер-жерге танылды.

Өлкеміз астықты өңірге айналды, бүгінде аграрлы-индустриалды аймақ деген атауды иеленуге ұмтылуда. Күллі Қазақстанға ғана емес, шет елдерге де инвестициялық климатымыздың қолайлы екені сан мәрте делелденді. Бұл жеңістеріміздің тек басы ғана…

 

 

Эльмира Садвокасова