Денсаулық сақтауCOVID-19: Қазақстан

Сәуірдің 16-сына дейін өңірге 18 мың доза вакцина жеткізіледі

№1 қалалық емхананың қызметкерлері ақпан айының алғашқы жұлдызынан бері 895 адамды вакциналапты. Бүгінге дейін олардың 170-ке жуығы ресейлік «Спутник V»-дің екінші компонентін алып үлгерген екен. Иммундау шарасынан өткендердің 100-ден астамы – қарапайым тұрғындар. Денін зейнет жасындағы жерлестеріміз құрайды. Айта кету қажет, екпе ниет танытқан кез келген жанға тегін салынады.

Лидия Соколова – №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Пациент екпе қабылдардың алдында терапевтен рұқсат алады. Маман келген жанды жіті тексереді, сұрақтар қояды. Бәрін өткеннен кейін ғана вакцина салынады. Бұдан соң біз адамды бірден үйіне жібермейміз. Келуші 30 минуттың көлемінде бақылауымызда болады. Сонымен қатар, 3 күн бойы қоңырау шалып, жағдайын білеміз, деректерді тіркейміз.

Қызылжарлықтардың құлағына алтын сырға. Сәуірдің 16-шы жұлдызына дейін аққайыңдар өлкесіне 18 мың доза вакцина жеткізілмек. Алғашқы компоненттегі «Спутник V»-дің кезекті партиясын №1 қалалық емхана бүгін қабылдамақ. Ал ертең иммундау шарасына кіріспек. Бұл жолы да мекемеге қарапайым тұрғындар келіп, екпе салғыза алады.

Лидия Соколова – №1 қалалық емхананың жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Біздің емханада екпе салынатын 2 кабинет бар. Кез келген жанды қабылдаймыз. Ниет танытқан адамдар 62-62-26 және қосымша 342 телефон нөмірі арқылы хабарласып, мән-жайды біле алады немесе учаскеге жүгінуге болады. Ол жерде әріптестеріміз тұрғындарды қабылдап, қызмет көрсетеді. Әр кісіні қабылдауға дайынбыз!

Коронавируспен күресудің бірден-бір әрі сенімді жолы – вакцина салу. 1-ші сәуір күні Ақорда төрінде өткен кеңесте мемлекет басшысы дәл осындай пікір білдірген болатын. Алқалы жиында Президент Үкіметке тұрғындардың індетке қарсы иммунитетін көтеру жұмысы тиімді ақпараттық-түсіндіру шараларымен қатар жүру қажеттігін де тапсырды. Сонымен қатар, ағайынды екпе қабылдауға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз!

 

 

 

 

Байболат Култанов