Құқық қорғау органдары

Халықаралық іздеуде жүрген солтүстікқазақстандық ұсталды

Ол «Audi» автокөлігімен Ресейге қонаққа кетіп бара жатыпты. Мамандар тоқтатып, құжаттарын тексерген. Сол сәтте ер адамға іздеу салынғаны анықталған. Солтүстікқазақстандық тұрғын Челябі облысында болған жол-көлік оқиғасына қатысы бар деген күдікке ілініп отыр. Апат салдарынан 1 кісі ауыр зардап шеккен. Қызылжар ауданының криминалдық полиция қызметкерлері ұсталғаннан жауап алған. Және іздеу жариялаған ресейлік мамандарға хабар берген.

Ерлан Мәдиев – СҚО ПД патрульдік полиция батальонының командирі:

– Жыл басынан батальон қызметкерлері бағдар парақтары бойынша – 15 тұлғаны, сондай-ақ, халықаралық іздеуде жүрген 1 адамды ұстады. 39 жүргізуші масаң күйде құрықталды. Бұдан бөлек, 3 айдың ішінде патрульдік полицейлер 2 қылмысты ашуға қатысып, рұқсат құжаттарынсыз тыйым салынған заттарды және тауарларды заңсыз тасымалдаудың 58 фактісін анықтады. Оның ішіндегі 13-і – ет өнімдерін және тағы соншасы мал тасымалдауға қатысты.

Эльмира Садвокасова