Әр түрлі

Сәуірдің 2-сі – Халықаралық балалар кітабы күні

Сәуірдің 2-сі – Халықаралық / балалар кітабы күні. Мейраммен кішкентай оқырмандарын / Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мамандары құттықтауда. Кітапханашылар / жеткіншектердің бойындағы оқуға деген қызығушылықты арттыру үшін түрлі қызықты іс-шара ұйымдастырды.

Сыртынан қарасаң – қарапайым 7-ші автобус, ал ішіне кіре қалсаң – ертегілер әлемі. Қоғамдық көлік жолаушыларын кондуктордан бөлек, балалар әдебиетінің кейіпкерлері қарсы алуда.

Ән айтылды, ертегілерге қатысты сұрақтар да қойылды. Сондай-ақ, әрбір кішкентай және үлкен оқырманға сыйлықтар тарту етілді. Барлығы – «Халықаралық балалар кітабы» мерекесінің құрметіне. Балалар әдебиетінің атасы саналатын Ганс Христиан Андерсеннің туған күнімен тұспа-тұс келген мейрам алғаш рет 1943 жылы тойланыпты. Шараны Мәскеу қаласында Лев Кассиль мен өзге де жазушылар ұйымдастырған. Осылайша, қиын-қыстау кезеңде ойын мен күлкіден айырылған балғындарды қуантпақ болыпты. Әрбір келген жеткіншекке қаламгерлер кітап тарту еткен. Араға 80 жыл салып шара Петропавлда өткізілуде.

Анара Құсанова – Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі:

–  Кітапхана қызметкерлерімен 7-ші автобусқа мініп, викторина ұйымдастыруды жөн көрдік. Дәл осы маршрут шаһардағы бірнеше мектеп, балабақша мен оқушылар және спорт сарайы сынды нысандардың жанынан өтеді. Көңілді шара арқылы балалардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын оятқымыз келеді.

Облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мамандары бүгін белсенді оқырмандарын да марапаттады. Апта сайын емес, күн сайын келіп, кітапты тез оқып тауысатын 20 жеткіншекке алғыс хат беріліпті.

Эльмира Садвокасова