COVID-19: ҚазақстанЕрiктiлер

Сақтықта қорлық жоқ

Осы орайда түрлі салада еңбек етіп жүрген қоғам өкілдері де / солтүстікқазақстандықтарға үндеу жолдады. Былтыр күтпеген жерден / қалыпты өмір тәртібінен / карантин режиміне ауысуға тура келді. Көбі жұмыссыздыққа тап болды. Осындай жағдайды қайталамас үшін жергілікті белсенді жандар санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауға шақырады.

Пандемия уақытында Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің 50-ден астам шәкірті онлайн форматта білім алды. Ал қарым-қабілетті арттыруға арналған сабақтарға қашықтықтан қатысу – қиынның-қиыны. Себебі, адам теорияны ғаламтор арқылы миға тоқи алғанмен, тәжірибені көзбен көріп, қолмен ұстап қана меңгереді. Мәселен, домбыра шертудің қыр-сырын үйреткен кезде міндетті түрде ұстаз баланың қасында болып, ақыл-кеңіс беруі тиіс.

Жарқын Жұпархан – Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің жетекшісі:

– Біздің ақын балалар айтыста, мәнерлеп оқу сайыстарында өздерінің білімдерін шыңдап отырады. Былтыр пандемияның кесірінен біз бірқатар іс-шаралардан қапы қалдық.Сондықтан, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Қазірде аты жаман дерт қайтадан белең алып жатыр. Бұл ретте әрқайсымыз өзімізді сақтандыру керекпіз. Осылайша бүкіл елді сақтандарымыз.

Жерлестерімізді ауыр індеттен сақтап, вирустың таралмауына септескен жандардың бірі – Дамир Абдин. Азамат бала кезінен қоғамдық өмірге белсенді ат салысады. Сондықтан болар, екі жыл бұрын волонтерлік істі мықтап қолға алыпты. Ол өзі сияқты жастармен бірлесіп, қаладағы көпбалалы, аз қамтылған отбасылармен қатар, зейнеткерлерге де қолғабыс етеді. Сондай-ақ, ерікті адасып кеткен, із-түссіз жоғалған адамдарды іздеумен де айналысады. Өңірімізде коронавирус індеті белең алған шақта дәл осы жастар бір жұдырықтай жұмылып, мұқтаж адамдарды қиындықта жалғыз қалдырмай, қөмек қолын созды. Мұндай шарапаты мол шараны волонтерлер әлі күнге дейін жалғастыруда.

Дамир Абдин – волонтер:

– Пандемия кезінде біраз шаруа тындырылды. Біз түрлі акциялар ұйымдастырып, мұқтаж жандарға барынша көмектесуге тырыстық. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектерін сатып алып, үйге дейін жеткізіп беретінбіз. Сондай-ақ, облыс орталығында мыңдаған тегін қорғаныш құралдарын тараттық. Бұның барлығы – індетті тоқтату үшін жасалған іс. Қазір өңірде жағдай тұрақты. Бірақ, еліміздің басқа аймақтарында жағдай көңіл көншітпейді.

Сондықтан, әлі де жағаны жайлауға жібермей, ауруды асқындырып алмау үшін аса сақтықпен қараған жөн. Мұндай пікірмен облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Елена Семидоцких та келіседі. Себебі, өткен жылғы қателіктерге жол берсек, тағы да қатаң карантинге жабылуымыз ықтимал дейді.

Елена Семидоцких – СҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Өткен жыл барлығымызға да қиынға соқты. Сондықтан, бұл жағдайды қайталамас үшін барлық тұрғындарды ережелерді қатаң түрде сақтауға шақырамын. Сақтықта қорлық жоқ! Өңіріміз “жасыл” аймақта болғанымен елміздің басқа қалаларында жағдай мүшкіл. Және көршілес елдерде коронавирус қарқынды түрде етек жаюда. Осыны ескерейік.

Тәжді вирустан сақтанудың жолдары талай рет айтылды. Не дегенмен, тағы бір мәрте естеріңізге сала кетейік. Індеттің таралуын тыю үшін қоғамдық жерлерде қорғаныс құралдарын әрдайым тағып жүру керек, қолды антисептикпен өңдеп отыру қажет. Сондай-ақ, ақпан айынан бері өңірімізде адамдарға коронавирусқа қарсы вакцина қойылуда. Бұл карантинді біржола алып тастап, қалыпты өмірге оралуға септеспек.

Дана Ешкенова